Әлеуметтік желіден де қауіп бар

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Аягөз локомотив пайдалану депосында Аягөз аудандық дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары діни экстремизм және терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардан сақтандыру тақырыптары бойынша танымдық дәріс оқыды.

Басқосуға ТЧЭ-25 мекемесінің машинистері мен машинист көмекшілері, техникалық қызметкерлер, жетекші инженерлер қатысқан, танымдық тұрғыдан мол ақпарат беретін шара барысында теологтар дәстүрлі дін мен радикалды діни ағымдардың ара-жігі жайында мағлұмат беріп, заңсыз миссионерліктің заң алдындағы жауапкершілігі жайында сөз өрбітті.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі уағыз-насихаттары күмәнді парақшаларға жазылудың да сұрауы бар екендігін түсіндірді. Атап айтсақ, діни сауаты жоқ кейбір азаматтар тыйым салынған ағымдардың бейнероликтерін өз парақшаларына білместікпен жүктеулері себепті немесе тарату арқылы да әкімшілік-құқықбұзушылық жауапқа тартылып жатқан жағдайлар тіркелуде.

Жалпы, деструктивті діни ағымдар жетегіне кетудің басында азаматтардың интернет желісіндегі белсенділігі тұр. Теолог маман бұдан өзге зайырлы қоғамның құндылықтарын қадірлеу, діни төзімділік мәселелерін де кеңінен сөз етті. Жиын қызықты өткендіктен теміржолшылар тарапынан көптеген сауалдар қойылды.

Соның ішінде қоғамдық және жұмыс орындарында діни рәсімдерді орындаудың заңнамадағы белгіленген орны, деструктивті ағым өкілдерінің сыртқы келбеті мен идеологиясының қауіптілігі жайында да кеңінен сөз болды.