«Мейірім жәрмеңкесі» өтті

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Биыл ұлттық компанияда іске қосылған «2020 қайырымды іс» акциясы аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның еріктілер тобы кеше «Мейірім жәрмеңкесі» шарасын ұйымдастырды.

Оған Орталық аппарат пен қаламаңы тасымалы қызметкерлері қолдарынан келгенше үлес қосып, үш сағатқа жоспарланған жәрмеңкенің жұмысын жандандырды.

Жәрмеңкеге қызметкерлердің өздері қолдан пісірген тәтті, дәмді тағамдар мен тоқылған бұйымдар, қылқалам туындылары, әшекейлер және үйлерінен алып келген кітаптар мен гигиеналық құралдар, т.б. заттар қойылды. Игілікті істі ұйымдастырудағы мақсат – «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» филиалында жолсерік болып жұмыс істейтін жалғызбасты ана Алтынай Ғафиуллинаның дарынды ұлы Артем Василицкийдің халықаралық байқауға баруы үшін қаржылық көмек көрсету.

Теміржолшының 10-сынып оқитын ұлы «Қазақстандағы туристік бағдарлар» деген тақырыпта өткен ғылыми жобалық байқау жеңімпазы екен. Ол осы жобасы арқылы Оңтүстік Кореяда биыл 9-16 наурыз аралығында жыл сайын өтетін «Жас ғалым-2020» төртінші халықаралық байқауына қатысуға жолдама алған.

Бірақ аталған байқауға қатысу үшін 980 000 теңге көлеміндегі қаржы қажет екен. Бір айта кетерлігі, көмекті баланың анасы емес, өзі оқитын №18 мектеп директоры сұрап, ҚТЖ-дан қолдау күткен.

– Мұндай жәрмеңкелер – бір реттік шара, оған кез келген ниет еткен адам келіп қатыса алады, өнім әкелсе де, тіпті жәрмеңкеде қойылған заттарды сатып алса да ол осы игі бастамаға үлес қосады. Міне, қараңыз, жәрмеңке басталмай жатып, тағамдардың көбі сатылып кетіп жатыр. Қыз-келіншектер өз қолдарынан шыққан торттар, түрлі тәтті тоқаштар, бауырсақ, бәліштер, мәнті, палау, түрлі тіске басарлар, тағы да басқа тағамдарды әкеп қоюда. Артем біздің де баламыз, сондықтан теміржолшы анасының әріптестері тарапынан қолдаукөмекті сезініп, материалдық демеуді ғана емес және рухани қанаттанса деген ой, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Алма Сәулебаева.

Мұндай қайырымдылық шаралар тек ішкі корпоративтік қатынастарды нығайту мен дамытудың тиімді де маңызды құралы ғана емес, сонымен бірге ұйымның корпоративтік мәдениетін жоғары деңгейде ұстап тұруға септік ететін өзіндік бір моральдық және өнегелік тұрғыдағы камертон іспетті дейді мамандар.