Жолсеріктер "ұлды" болды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

"Ақтөбе-Алматы" бағытындағы №34 жолаушылар пойызында тағы бір бала дүниеге келді. Көпбалалы ананың бесінші сәбиін пойыз жолсеріктері аман-есен босандырып алып, кіндігін кескен.

Оқиға 5 ақпан күні Ақтөбенің "Бершүгір-Қайдауыл" учаскесінде тіркелді. Үшінші вагон жолаушысы Балжан Шериязованың толғағы басталып, теміржолшыларға акушер-дәрігердің қызметін атқаруға тура келген. Пойыз бастығы Нұржан Тапаев жедел шара қабылдап, шұғыл босандыруға қажет дайындықтың бәрін жасап, жақын станциядан жедел жәрдем қызметін шақыртқан.

Пойыз ішінде медицина қызметкері болмағандықтан №9 вагон жолсерігі Ғалия Тұрсыматқызына жүкті әйелді босандырып алу жауапкершілігі жүктеліпті. Өзі де ана, азды-көпті тәжірибесі бар деп сенген ер-азаматтар.

Сөйтіп жолсерікке қоса дәрігерлік міндетті абыроймен атқарған Ғалия вагон ішін тазалайтын екі әйелмен бірге толғағы қысқан келіншекті аманесен босандырып алады. Шалқар станциясына келген соң Балжан Шерниязова жаңа туылған сәбиімен медициналық қызмет қызметкерлеріне табысталады.

"Ақтөбеден 5-ақпан күні шығып, Бершүгірден асқанда Шалқарға жетпей келіншек босанды. Жүкті келіншектің бесінші баласы екен. Аздаған қорқыныш болды, бірақ тәуекелге баруға тура келді. Жанымда вагон тазалайтын екі әйел болды. Үшеуміз көмек көрсетіп, балпанақтай ер бала дүниеге келді. Анасы телефон шалып, хабарласты. Перзентханадан шығып, үйлеріне жетіпті", – дейді жолсерік Ғалия Тұрсыматқызы.  

2007 жылдан бастап теміржол саласында еңбек ететін Ғалия еңбек жолын жүк кассасында жұмыс істеп бастаған екен. 2012 жылы «Экспресс» филиалында жолаушылар тасымалы пойызына жолсерік болды. Ал 2018 жылдың мамырынан «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» өңірлік филиалында жолсерік болып жұмыс істейді.

Жолаушы тасымалының баспасөз қызметі басшылық ана мен балаға көмек көрсеткен барлық темір жол қызметкерлеріне алғыс айтады деп хабарлады.