Еріктілер жылы: қатарымыз көбейе береді

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Президент биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағалы олардың қатары күрт артып, өздерін еріктілер қатарынан көргісі келетіндер көбейгені анық. Олардың дені – жастар.

Жуырда болашақ теміржолшылар, Ақтаудағы көлік колледжінің студенттерінен жасақталған еріктілер тобы теміржол вокзалына келіп қайырлы іс жасады.

Алдымен болашақ теміржолшылар теміржол полициясының жұмысымен танысты. Оларға Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлері бөлімнің қызмет атқару аймағы бойынша атқаратын жұмыстарымен таныстырып, тәжірибелік дәріс өткізді.

Осыдан кейін еріктілер вокзал ішін аралап, перрон жағалап келіпкетіп жатқан жолаушы халыққа көмек көрсетіп, жолаушылар мен оларды шығарып салушы азаматтарға теміржолда түрлі жарақат алудан, жазатайым оқиғалардан сақтану туралы ескертіп, арнайы үнпарақтар таратты.

− Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жастар жылының» жалғасы ретінде 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Біз бүгін ерікті жастардың бір тобын қарсы алып, олармен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Олар теміржолдағы түрлі жағдайларды өз көздерімен көріп, танымын арттырумен қатар қауіпсіздік шараларын нығайтуға көмектесуде. Елгезек жастардың білсем, қолдан келгенше қолғабыс жасасам деген ықылас-ниеттері бізге ұнап жатыр, – дейді желілік полиция бөлімінің инспекторы Нұрлыбек Рахметов.

Айта кететін бір жайт, осы аталған танымдық жұмыстар барысында темір жолдың белгіленбеген жерінен өтпекші болған бірнеше азамат анықталып, оған ҚР ӘҚБтК 559 бабы 5-бөлігінде көзделген заңды жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескертілді. Ал өздерінінң қауіпсіздікке тамшыдай болса да үлес қосып жатқандарына қуанған жас еріктілер бұл жұмыстарын жалғастырып, қатарлары көбейе беретінін жеткізді.