Мұнай тасымалына маманданған

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жетібай станциясы – қазыналы қарт түбектің басты байлығы «қара алтынды» игеруі мен оны қажет жеріне тасымалдауға үлес қосып отырған маңызды бекет. Олай дейтініміз, станцияға жеткізілетін негізгі жүк мұнай өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғылар болса, станциядан артылатын жүк – шикі мұнай және оның қалдықтары.

Станцияда төрт қабылдап-жөнелту жолы бар. Бүгінде соның үшеуі жұмыс істеуде. Оның ішінде «Теңелбаев ЖК» тұйығынан шикі мұнай, мұнай өнімдері тиеледі. Ал «Маңғыстаумұнайгаз» тұйығына бұрғылау техникалары, мұнай саласына керек құрал-жабдықтар, құбырлар келеді. «Сүйеуов ЖК» тұйығына түрлі құрылыс жүктері түсіріледі және арасында Ресейге металлом жөнелтіледі. Осы аталған жүктердің есебінен өткен жылы станциядан жүк тиелген вагондар саны 227-ні құраса, түсірілгені 240 вагон. Жөнелтілген вагондар саны 2018 жылмен салыстырғанда 73ке артқан. Ал жүк түсірілген вагондар керісінше 199-ға кеміген.

− Станциямыз төртінші класты, жүк тасымалына арналған. Бұл жерге жолаушылар пойызы келіп-кетпейді. Жетібай станциясынан жүк пойыздары негізінен түнде, бір құрама Өзенге, тағы біреуі Болашақ станциясына өтеді. Жұп күндері екі, тақ күндері екі пойыз болады. Станцияның кіреберіс бағдаршамы мен шығу бағдаршамы аралығы 1700 метр. «Жетібай» әкімшілік аумақтық жағынан Мұнайшы кентіне қарайды. Ауылда әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша бар. Бұл жерде бізден басқа да теміржол мекемелерінің мол шоғыры орналасқан. ШЧ, ПЧ, ЭЧ мекемелері бар.

«Бәріміздің илей тініміз бір терінің пұшпағы» дегендей, барлығымыз қоян-қолтық еңбектеніп, темір жол үшін тер төгіп жатқан жайымыз бар. Ұжымымыз шағын болса да, еңбек өтілі 40 жылға таяған байырғы теміржолшылар көп, алды станцияға сонау 1988 жылдары жұмысқа келіп, әлі күнге осында еңбек етіп жүргендер. Одан кейінгі буын – 2005-2010 жылдар аралығында жұмыс бастағандар. Барлығы 14 адамның үшеуі тауар кассирі, екеуі жүк қабылдап тапсырушы, тағы екеуі вагон құрастырушы, бесеуі станция кезекшісі, біреуі тазалық жұмыстарын жүргізуші, – дейді Жетібай станциясының бүгінгі тыныс тіршілігінен хабар берген станция бастығы Дүйсенбай Бердімбетов.

Иә, станция басшысы айтқандай, шағын ұжымда аға буын, орта және жас буынның сабақтастық мектебі қалыптасқан екен.

− Күнделікті жұмысқа таңертеңгі сағат 7:35-те кірісеміз. Тәулік бойына қандай міндет атқарылады, нендей шаруалар бар, алдымызға мақсат қойып, бәрін алдын ала жоспарлаймыз. Онан әрі қарай әркім өз тапсырмасына сай міндетті орындауға кетеді. Әр дүйсенбіде станция бастығының күні өтеді. Әр айда айлық комиссиялық бақылау болады. Жұмыс орнымыз жайлы. Ғимаратымыз 2018 жылы күрделі жөндеуден өтті. Іші-сырты толық әрленіп, едендер жаңартылып, ең бастысы бұрын су өтетін шатыр жаңадан салынды.

Станцияда байланыс жүйелері толық жұмыс істеп тұр. Жүріп бара жатқан пойызбен радиобайланыс, өзге станциялардың диспетчерлерімен арнайы байланыс жүйесі, пульт табло, пульт манипулятор, жұмысқа қажетті жағдайдың бәрі жасалған, – дейді мұнай тасымалына маманданған бекет бастығы Дүйсенбай Оспанұлы.