Көзделген қаржы түгел игерілген

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Соңғы екі жылды өндірістік жарақатсыз өткізген қызылордалық теміржолшылар жұмыс барысында өрт қауіпсіздігінің алдын алу, экологиялық тазалықты ұстану, техникалық қауіпсіздікті сақтау, ең бастысы еңбек қорғау қағидаларын басты назарда ұстауда.

Қызылорда ЖТ бөлімшесі өндірістік қауіпсіздік, экология қызметінің қауіпсіздік және еңбек қорғау бөлімінің жетекші инженері Ғабит Тлеубаевтың мәлімдеуінше, бөлімше бойынша өткен және алдыңғы жылы өндірістік жарақат алу жағдайына жол берілмеген. Өндірістік және өндірістен тыс жарақаттанудың алдын алу үшін өткен жылы 9 кешенді шара жоспарланып, ол толық орындалған.

– Бөлімше бойынша өткен жылы өндірістік жарақат алу ықтималдығының алдын алудың кешенді шараларының жоспары түзіліп, түсіндіру, үйрету, бақылау, тағысын тағы жұмыстар жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі толық сақталған, экологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін өткен жылға жоспарланған 11 шараға қарастырылған 5189,702 мың теңге қаражат мақсатты игерілді. Биылғы жылды да өндірістік жұмыста тосын жағдайсыз өткізу үшін қауіпсіздік шараларын жүргізудеміз деді, – Қызылорда ЖТ бөлімшесі өндірістік қауіпсіздік, экология қызметінің қауіпсіздік және еңбек қорғау бөлімінің жетекші инженері Ғабит Тлеубаев.

Қауіптің алдын алу шараларының бірі ретінде «жолда адам» ақпараттық жүйесінде жолға еңбеккерлердің шығып қалу жағдайын болдырмау бағытында жұмыс жасалуда екен. Бұл негізінен жол бойында ағымдық жөндеу, құрылғыларға техникалық күтім жасау барысында болып қалуы ықтимал оқыс оқиға, бақытсыз жағдайлардан сақтану, алдын алу шаралары саналады.

Сонымен қатар бөлімше теміржолшыларына қажетті арнайы сақтық киімдері, маусымдық киім, профилактикалық жақпа және де өзге қажетті заттар толық алынып, дер кезінде қамтылған. Өткен жылы жұмыс орны денсаулығына зиянды деп танылған теміржолшыларға қажетті мөлшерде сүт үлестірілген. Және де теміржолшылардың жұмыс орнының қауіптілігін аттестациядан өткізу барысында бөлімше бойынша 49 қауіпті орын анықталған.

Мұндай жерде жұмыс жасайтын еңбеккерлер ауысым алдында арнайы пысықтау инструктажынан өткізіліп, жұмыс барысын қадағалау көзделген екен.

Ондай орындар қатарында қысымды құрылғылар, түрлі ауқымдағы көтергіш крандар, бу шығаратын және су ысытатын қазандық бар. Қауіпті санатындағы жұмыс орындарының дені Қазалы вагон пайдалану депосында, Сексеуіл және Қызылорда локомотив пайдалану деполарында шоғырланған. Осыған орай мұндай орындарда жұмыс жасайтын еңбеккерлердің қауіпсіздігіне көңіл бөлініп, сақтық шараларын қатаң сақтау ескеріледі екен.

Өндірістік қауіпсіздік, экология қызметінің қауіпсіздік және еңбек қорғау бөлімінің мамандары жұмыс орындарында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін тексеру жүргізіп, өрттің алдын алу шараларын да жасайды. Мәселен, өткен жылы өрт оқиғасына орын берілмегенмен, өрт қауіпсіздігі бұзылуының фактілері анықталған. Желтоқсан айында локомотивтерден 8 рет, стационарлы нысаннан 35 рет өрт шығу ықтималдығы анықталып, дер кезінде қауіпсіздік шаралары қолға алынып, кемшіліктер түзетіліпті.

Сондай-ақ бөлімше бойынша экологиялық қауіпсіздікті сақтауға қомақты қаражат бөлініп, 11 ісшара жоспарланып өткізілген. Нормадан артық өтем жасау мен экологиялық тұрғыдан бүлінген заттармен айналаны залалдауға жол берілмеген.