Нұр-Сұлтанда қармен күрес жалғасуда

Нұр-Сұлтан станциясының теміржолшылары қармен күрес жұмыстарын жалғастыруда. Себебі үздіксіз төпеп жауып жатқан қар жолды көміп тастауда. Темір жол бойының қарын тазалауда әдеттегідей түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, құрылымдық мекеме жұмысшылары бір адамдай соған атсалысуда.

Қарлы боран ең алғаш басталған сәттен, яғни 28 қаңтардан бастап елорданың бас темір жол қақпасында бүгінге дейін барлығы 1909 теміржолшы қармен күрес жұмысына қатысып, олар 9542 текше метр қарды тазалап, шығаруға атсалысқан.

Бұл кезеңде компанияның барлық құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарынан теміржолшылар қол көмектерін аямады. Ал осы аптада қар тазалау жұмысына «ҚТЖ» ҰК» АҚ Орталық аппаратының қызметкерлері жұмылдырылды. Аталған станцияның бас инженері Бақытхан Әбеуовтің айтуынша, кеше олар дөңес алды парктің темір жол бойын қардан тазалаған.

Орталық аппарат қызметкерлерін ортақтастырған қармен күрес шарасы келесі күні де жалғасын тапқан.

– Компания басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің бұйрығымен теміржол бойының қарын тазалау жұмыстары үздіксіз жасалып жатыр. Атап айтқанда, осы жылы 3-7 ақпан арасында және 10-11 ақпанда біздің станция мен Қырқыншы станциясы бойынша жолдарды және бағыттама бұрмаларын қардан тазалау жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланды. Қызметкерлер вокзалда таңғы 8.45-те жиналып, сағат 16.00-ге дейін жұмыс істеуде. Қармен күрес шаралары алдында барлық теміржолшыларға еңбек қорғау жағдайы, қауіпсіздік талаптары толық түсіндіріліп, ескертілді, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді, – дейді бас инженер.

3-7 ақпан аралығында қар тазалау жұмыстарына 250 теміржолшы жұмылдырылған. Олардың қатарында магистральдық желі дирекциясы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ, ӘТКҚ және басқа да сала жұмысшылары болды. Ал 10-11 ақпанда Орталық аппараттың 100 қызметкері жол бойының қарын тазалауға шықты.

Қармен күрес жұмыстарын ұйымдастыру жоспарына сәйкес ПЧ-17 керекті жабдықтар және қар тазалау техникалары, мақсатты нұсқаулықпен қамтамасыз етті. Ал Нұр-Сұлтан станциясы ұжымына қарды тиеу, түсіру үшін платформа дайындау тапсырылды.