Жүк тиеу мен жөнелтуде кедергі жоқ

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің өткен жылға жоспарлаған жүктемесі 97,61 пайызға орындалған. Жүк тасымалы бөлімінің басшысы Болат Әбдуовтың мәліметінше, былтыр өңірдегі станцияларда 137 885 вагонға 9 202 806 тонна жүк тиеліп, жөнелтілген. Бұл көрсеткіш жоспардағыдан 3 927 вагонға немесе 225 474 тоннаға аз, дегенмен алдыңғы жылмен салыс-тырғанда 11 059 вагонға немесе 735 416 тоннаға артық.

Жекелей тоқталатын болсақ, өткен жылы қара металдың тиелуі жоспардағыдан 0,5 мың тоннаға артқан. Химиялық тыңайтқыштар, «Жаңатас» станциясы арқылы «Казфосфат» ЖШС, «Еврохим Қаратау» жүк жөнелтушілерінің есебімен 1 158 вагонға немесе 87,4 мың тоннаға дейін артқанын көреміз. Талас станциясынан 10,7 мың тоннадан астам қант та артық жөнелтілген.

– Тараз станциясынан «Universal Kaz» ЖШС-ның 5,6 мың тоннадан асатын ағаш жүктері Өзбекстан теміржолы арқылы Тәжікстанға жіберілді. Тұз тиеуді «Асыл Тұз» ЖШС арқылы 5,1 мың тоннаға артық орындадық. Астық жөнелтілімінде де өсу бар. Контейнерлік жүктердің орындалуы 12 мың тоннадан жоғары болды. Тек қант қызылшасының тиелімі 10 мың тоннадан асты. Өңірдегі белді компаниялардың бірі «Казфосфат» ЖШС былтырғы жылы теміржол арқылы 41 126 вагон немесе 2 630,9 мың тонна жүк жөнелтуді жоспарлап, оны 106,8 пайызға артық орындады. Кен орнының 2 810,1 мың тонна химиялық тыңайтқыштары 43716 вагонға тиелді. Бұл көрсеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 6 193 вагонға немесе 331,4 мың тоннаға көбейгенін аңғарамыз, – деп атап өтті Б.Әбдуов.

Жүк тасымалына жауапты маман былтыр жоспарлы жүктің тасымалдануына кедергі болған деректерді де мәлімдеді. Оның сөзінше, «Рамирта», «Казақкөмір Қазақстан» және «Көмір Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестері төлемнің болмауынан 13,4 мың тонна таскөмірді кем тиеген. Мұнай да жүк алушының өнімнен бас тартуына байланысты 98 пайызға кем орындалыпты.

Осындай олқылықтарды түсті кеннің, химикаттардың, құрылыс заттарының, көкөністердің, граншлактың және цементтің тиеу көрсеткіштерінен де аңғаруға болады. Болат Әбдуов автокөліктерден теміржол көліктеріне ауысқан жүктердің шамасын да айтып өтті.

«Өткен жылы бір реттік жүк жөнелтушілердің есебінен 177 вагонға 10 620 тонна әртүрлі жүк артылды. Ал бұдан қазынамызға 26,55 миллион теңгені қаражат түсті. Жекелей тарқатсақ, Бурыл станциясы арқылы жиырма жүк жөнелтуші 56 вагонға 3490 тонна тиесе, Тараз станциясынан 24 вагонға көлемі 1440 тонна жүк тиелді. Жаңатас станциясынан 17 вагонға 1373 тонна, Шу станциясынан да 17 вагонға 1020 тонна жүк артылды», – деді Болат Уәлибекұлы.

Маманның айтуынша, Шайқорық станциясынан 24 вагонға жүк тиелсе, Мыңаралдан 35 тонна жүк жөнелтілген. Ал Қаратау станциясында 19 вагонға 1081 тонна жүк артылып, Маймақ станциясындағы бір реттік жүк тасымалы есебімен 3 вагонға 201 тонна тиелген.

Бірлік станциясынан 120 тонна жөнелтілсе, Шолпан станциясы арқылы жөнелтілген жүк көлемі 14 вагон 840 тоннаны құраған. Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің өкілі мекеме басшылығы мен қызметкерлері теміржол көлігі қызметтерін пайдаланатын кәсіпорын басшыларымен жүйелі түрде кездесулер мен өндірістік басқосулар ұйымдастырып, түйінді мәселелерді шешіп отыратынын айтты.

Ондай басқосуларға облыстық және аудандық әкімдіктердің, ауылшаруашылық басқармаларының және мемлекеттік кірістер департаменттерінің, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау посттарының өкілдері, вагон-дардың операторлары мен иелері арнайы шақырылып, қатыстырылады екен.

– Ондай жиындарда көбіне өзекті мәселелер қаралып, шешімін табады. Әкелінетін тауарларды алдын ала кедендік рәсімдеу, жүк тиеу фронтын ұлғайту, жүктерді түсіру және тиеу үшін жаңа технологияларды қолдану, неғұрлым заманауи және қуатты тиеу-түсіру жабдықтарын алу арқылы вагондардың жергілікті жүктемелермен уақытылы түсуін қамтамасыз ету сынды мәселелер қашан да назарымыздан тыс қалған емес, – дейді Болат Әбдуов.