Маневрлік жұмыстар жеделдетілуде

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты 2-сыныпты Дегелең станциясының теміржолшылары қолайсыз ауа райымен күресе жүріп жоспарлы шараларды мерзімінде орындауда. Жылдың басы болғандықтан да, тасымал қарқыны бәсеңдегенімен өңірлерге және жақын шетелдерге көмір тиелген вагондар жөнелтуде іркіліс жоқ.

Өткен аптада болған қарлы боранға қарамастан Дегелең станциясында 4 кірме жол мен 6 қабылдап-жөнелту жолы толық күшінде жұмыс істеп тұр. Жылу маусымына орай жаппай орын алған «көмір безгегі» басылғанымен теміржолшылар қызмет ырғағынан жаңылған жоқ деген сөз.

– Биылғы қыс дегелеңдіктер үшін оңайға түсіп тұрған жоқ. Дегенмен, жоспар аясынан ауытқымауға тырысып жатырмыз. Себебі, «Қаражыра» АҚ көмір кеніші үшін жаңа техникалар алу арқылы өндіріс көлемін біршама ұлғайтып отыр. Сол себептен де, қазіргі күндері қармен, боранмен арпалыса жүріп тәулігіне 350 вагон көмір тиеп жөнелтудеміз. Бұл көрсеткіш алдағы уақыттарда еселене түседі, – дейді Дегелең станциясы бастығының орынбасары Қайрат Ибраев.

Көмір тасымалы қазіргі күндері шамалы саябырлап тұр. Алайда, оған ауа райының қатысы жоқ. Мәселен, дегелеңдік диспетчер Қуаныш Султаковтың айтуынша, ауа райының қолайсыз кездерінің өзінде де станциядан тәулігіне 480 вагоннан тұратынжылжымалы құрамдарды уақытында құрастырып жолға шығарған уақыттар болған. Оған тіпті қалың қар да, боран да кедергі емес. Себебі, Дегелеңдегі ПЧ-39 мекемесіне қарасты насос станциясының теміржолшылары тәулік бойына жұмыс жүргізеді, қар аршығыш жол машиналары да жеткілікті түрде жұмылдырылған.

Станция басшылығының айтуынша, қазіргі ауа райындағы қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан маневрлік жұмыстардың барлығы технологиялық тәртіпке сай жеделдетілген түрде жүзеге асырылып жатыр. Көмір тиеу үшін жиналатын вагондар станция басында кептеліс тудырмас үшін қозғалыс жиілігін жылдамдату қажеттілігі жоғары. Бүгінгі күндері де Жаңа-Семей мен Павлодар бағытына пойыздар әзірлеуде кестеден кешігу жоқ.

– Соңғы тәуліктерде ең кемі 5 жылжымалы құрам жасақтап жолға шығарудамыз. Мәселен, дәл қазіргі күні қабылдау мен атқару пойыздарымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыдан соң бірден маневрлік тәсілмен вагондарды жинап, ең кемі 6 мың тонна болатын ауыр салмақты пойыздарды құрастыруға кірісеміз. Дәл бүгінгі күні аса қарбалас жоқ. Ақпан айынан көмірге тапсырыс көбейді, енді жұмыс та қыза түскені байқалады, – дейді станция кезекшілері.

Айта кетерлігі, қазіргі күні станция басында күн сайын дерлік қар тазалау жұмысы тынымсыз жүріп жатыр. Оған станция қызметкерлері ғана емес, «ТД18 Дегелең», жолшылар және ВЧД23 пен ШЧ-29 теміржолшылары да жұмылдырылуда. Әр күні ең кемі 20 адам қар күреуге шығады.

– Қар сенбілігін жүргізуде әзірге жол машиналарының көмегіне сүйенеміз. Яғни, платформаларға қажеттілік туындап тұрған жоқ. Соңғы күндердегі қолайсыз ауа райына байланысты жұмыс барысына өзгерістер енгізілмеді, – дейді станция басында қармен күрес жұмысын басқарып жүрген Қайрат Қажатұлы.

Жылдың басы болғанымен Дегелеңде транзиттік пойыздар саны азаймаған. Қажетті деп танылған жағдайда орын алатын контейнерлерді тіркеу ісі де штаттық режимде жүргізілуде. Локомотив бригадаларындағы ауысым барысына да өзгеріс енбеген. Тәулігіне барлығы 15-16 пойыз жолға шығарылады. Яғни, техникалық процесс барысы, қалыптасқан ахуал толық бақылауда.