Жетістік те, кемшілік те сөз болды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Жақында Маңғыстау ЖТ бөлімшесінің өткен жылғы өндірістік-шаруашылық жұмысының қорытындысы жарияланған тораптық жиын өтті. Бөлімше директоры Нәжімеден Ғұбашев төрағалық еткен отырыста былтырғы жұмыстарға оң баға берілді, ішінара кемшіліктер де ескертілді.

Филиал аумағындағы өзге де құрылымдық бөлімшелер басшылары өз жұмыс есептерін берді. Слайдтар арқылы назарға ұсынылған көрсеткіштер арқылы алдағы есепті кезеңде кей тұстарды жақсарту бойынша шаралар реті қарастырылды. Атап айтқанда, эксплуатациялық көрсеткіштер, пойыздар қозғалысы кестесінің сақталуы, еңбек қорғау және қауіпсіздік жағдайы туралы айтылды.

Әсіресе, локомотив пен вагондар өнімділігінде, тиелген вагондарға қарағанда бос вагондар жүрісінің үлесі бойынша жұмыстардың артығымен орындалғандығы, локомотив пен вагондар жүрісі, вагондар айналымы, бір жүк операциясы аясында вагондардың техникалық станцияда тұрып қалуы, телімдік және техникалық жылдамдық, статжүктеме, т.т. сөз болды. Негізгі басымдық кейбір филиал қызметкерлерінің кесірінен болған қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылу фактілеріне берілді.

Бұл жағдайларда олар өздерінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны сыналды. Алайда, ең бастысы – өндірістік жарақат алу оқиғаларына жол берілмеген. Магистральдық желі бөлімшесінің директоры М.Бақтыгереев филиал бойынша күрделі жөндеу жоспары толығымен орындалғанын жеткізді. Соңғы 4 жыл бойына 150 км жолға күрделі жөндеу жүргізіліпті. Сонымен қатар апаттық-қалпына келтіру және қар жинау техникасын ұдайы дайындықта ұстау қажеттілігі мен техникалық жағдайына да көп көңіл бөлінген.

Ал бас ревизор Болат Дүйсәлиев қозғалыс қауіпсіздігінің жағдайы бойынша қорытынды жасай отырып, бұзушылықтардың үнемі алдын алу шараларын жүргізіп отыру керектігіне тоқталды. Слайдтар арқылы СДПМ қар тазалау техникасының жолдан шығып кету себептері мен жағдайы көрсетілді. Сондай-ақ өзге темір жол желілерінде тежегіш табандар мен СЦБ құрылғыларының техникалық қызмет көрсету бойынша кінараттары жайлы мәліметтер берілді.