Доссор станциясында көпір салынады

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Мұнайлы өңірде тұрғын халқы жылдан-жылға көбейіп келе жатқан елді мекеннің бірі – Доссор станциясы. Жергілікті халық жуырда «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Атырауға сапарында теміржолдан өтетін көпір салу мәселесін көтерген еді.

Өйткені, мұнда темір жолдың екі қапталында да халық тұрады. Темір жолдың бір жақ бетінде тұрғындар көп шоғырланған болса, ал мектеп, емхана, аурухана секілді әлеуметтік нысандар екінші бетінде орналасқан. Ал пойыз күндіз-түні жүріп жатыр, тұрғындар болса, жаяу жүргіншілер көпірі жоқтығынан, жолдан төте өтіп шығуды әдетке айналдырған. Ол қауіпсіздікке нұқсан, тіпті өмірге қауіп төнеді.

Сол себепті Доссор кентіндегі Бірлік ауылының тұрғындарымен кездесу барысында осындай мәселе көтерілді. Бұл өте орынды. Барлық әлеуметтік нысандар, 2 мектеп, балабақша, т.б. жолдың арғы бетінде. Оған темір жолдан төте өту қауіпті.

Сондықтан көпір міндетті түрде керек. Қазіргі уақытта облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құрылысы үшін жобалау сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлу жоспарланған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау көзделуде. Б.Байбек жергілікті мемлекеттік органдардың осы нысанның құрылысын жылдамдатуын және тұрғындар көтерген басқа да мәселелерді партияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды.