Жаңа сервис - клиент тарту тәсілі

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатын мультимодальды компания KTZ Express барлық қатынас түрлерінде көліктік-логистикалық қызметтердің толық спектрін көрсетуде. Ол порт инфрақұрылымын, қоймалар мен терминалдар желісін пайдалана отырып, темір жол, теңіз, әуе және автокөлік тасымалдарын ықпалдастырумен қатар LCL принципі бойынша құрама жүкті жөнелту бойынша сервисті ұсынып отыр.

LCL – СЕРВИСТІҢ ЖАҢА ТҮРІ

LCL (Less than container load) – бұл әртүрлі жүк жөнелтушілердің шағын жүктері бір контейнерде шоғырланатын сервис түрі. Мұндай тасымалдаудың негізгі артықшылығы – көлік ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалану есебінен авиатасымалдаумен салыстырғанда тасымал құнының төмен болуы.

Сонымен қатар компания климат режимі бар мамандандырылған контейнерлердің жеке паркімен қызмет етіп, әлемнің кез келген нүктесіне ерекше температуралық режимді талап ететін жүктерді жеткізудің бүкіл маусымдық сервисін ұсынып келеді.

Жалпы компания бизнесінің негізгі бағыты контейнерлік тасымалдар болып табылады. Бүгінде компания барлық бағыттар бойынша көлемді өсіру бойынша жұмыс жүргізуде. Тұрақты контейнерлік сервистің негізгі бағдарларына келсек, жеткізудің ең ұтымды мерзімдері 7 күннен 16 күнге дейінгі аралықты құрайтын Қытайдан Орта Азия және ТМД елдеріне, Еуропаға, Түркияға және кері бағыттар болып отыр. 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда транзитті контейнерлік тасымал өсімі 24% құраған.

«KTZ Express» АҚ қытайлық серіктестерімен 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Тараптар транзитті контейнерлік тасымал өсімі биыл былтырғыға қарағанда 15-20% шамасын құрайтынын болжап отыр. Айта кестек, «KTZ Express» АҚ басшылығы Сиань (ҚХР) мемлекеттік логистикалық платформаларымен және Қытай темір жолдары еншілес ұйымдарының басшылығымен – CRIMT және CRCT компанияларымен бірқатар келіссөздер жүргізген болатын.

Бұл кездесу барысында тараптар 2019 жылғы ынтымақтастықтың қорытындысын шығарып, Қытай – Еуропа – Қытай, Қытай – Орталық Азия – Қытай және Қытай – Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Қытай бағыттары бойынша трансқазақстан көлік дәліздері арқылы контейнерлік тасымалдау жөніндегі 2020 жылға арналған жұмыс жоспарларын талқылаған. Сонымен қатар ағымдағы жылы Қазақстан аумағы арқылы өтетін Қытай – Ресей – Беларусь – Қытай бағыттары бойынша межелі тасымал өсімі де талқыланды. «KTZ Express» АҚ серіктестері тарапынан өзге балама бағыттарға қарағанда Қазақстан аумағы арқылы тасымал өсімінің оң динамикасы байқалып отырғаны атап өтілді. Компания басшылығы трансқазақстан бағдарлары бойынша тасымал өсімін бірінші кезекте қолайлы тарифтік жағдайлармен байланыстырса, екіншіден, «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобының көрсетіп отырған жоғары сапалы сервисімен ұштастыруда.  

Нақты сандарға жүгінсек, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігімен тасымалданған жүк айналымы 17,6 миллион тоннаны құрап, 2018 жылдың көрсеткішінен 25% жоғары болды. Соның ішінде, 6,8 миллион тоннадан астам жүк Қытайдан қабылданып, ал керісінше бағытта 10,8 миллион тоннадан астам жүк жөнелтілген. Бұл екі көрсеткіш те алдыңғы жыл деңгейінен 24 және 26 пайыздарға жоғары болып отыр.

ТХКБ – БІРЕГЕЙ МУЛЬТИМОДАЛЬДЫ БАҒДАР

Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) – Әзербайжан, Грузия, Түркияны және теңіз порттары арқылы бірнеше жүк өткелін байланыстыратын бірегей мультимодальды бағдар болып табылады. KTZ Express Халықаралық Транскаспийлік консорциумның үйлестірушісі бола отырып, ТХКБ-на транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тарту мақсатында бірқатар маңызды жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Олар: тиімді тарифтік саясат жүргізу, әкімшілік кедергілерді төмендетуге жәрдем беру, тасымал үдерісінің бірыңғай технологиясын сақтау, т.т. «Біз Транскаспийлік халықаралық көлік бағдарларына қатысушыларының жұмыла жұмыс істеуінің жемісті нәтижелерін көріп отырмыз. Мәселен, өткен жылы Каспий теңізіндегі порттар арқылы контейнерлік тасымал көлемінің 2018 жылмен салыстырғанда рекордтық 79% деңгейіне артқанын байқадық», – дейді компания басқармасының төрағасы Дмитрий Абдуллаев. KTZ Express бизнесінің маңызды бағыттарының бірі – теңіз көлігімен жүк тасымалдау болып табылады. Теңіз тасымалы көлемінің өсуіне ықпал еткен факторлардың бірі ретінде «Казмортрансфлотпен» бірлесе, 2019 жылдың сәуірінде Ақтаудан Бакуге және керісінше апта сайын жөнелту жасалатын тұрақты контейнерлік фидерлік желінің іске қосылуын айтар едік. Бұл сервис Қазақстан экспорттаушыларына өз өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Түркия, сондай-ақ, Қара және Жерорта теңіздері порттарына жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, атап өтерлігі, фидерлік желінің іске қосылуы компанияның вагон паркі елде қалуына септігін тигізді. Ал бұл өз кезегінде вагон айналымын арттыруға ықпал етуде. Қазір Ақтау – Баку фидері 100% жүкпен қамтылған. Еске сала кетсек, өткен жылы ТХКБ бағдары бойынша Сиань (Қытай) – Стамбул (Түркия) – Прага (Чехия) жаңа контейнерлік пойызы іске қосылды, 42 қырықфутты контейнерден тұратын пойыз он елдің аумағынан өтіп, 8500 километр жолды және ол тарихта бірінші рет Босфор бұғазы астындағы туннель арқылы жүріп өтті. Бұл жаңа бағдар Солтүстік бағдардың баламасы болып табылады және ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында ҚТЖ мен Шаньси провинциясының Халық үкіметі арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуының көрінісі болып отыр. Осы ретте, Сиань – Прага бағдарындағы жаңа контейнерлік пойыздың жолдағы уақытының едәуір қысқаруына Ақтау портынан контейнерлердің фидерлік кемеге тиеліп, тасымалдануы оң ықпалын тигізгенін де айта кету керек.

Ақтау портындағы контейнерлер айналымы ұдайы өсуде. Каспий арқылы фидер желісін алғаш іске қосқан күннен бастап, яғни өткен жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам ЖФЭ контейнерлері өңделген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 400%ға артық болып отыр.

– Тұрақты фидерлік желіні іске қосу Каспий аймағында контейнерлеудің өсуіне ықпал етеді және жүктерді жеткізу жылдамдығы жаңа клиенттерді тартуға мүмкіндік береді. Стратегиялық мақсаттарды басшылыққа ала отырып, Ақтау порты өз учаскесінде мультимодальды тізбек серіктестерінің өзара іс-қимылы үшін оңтайлы жағдай жасауда және барлық бағыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, тұрақты контейнерлік сервисті іс жүзінде дамытады, – деп атап өткен Ақтау порты басқармасының төрағасы Абай Түрікпенбаев.