108 қазақстандық жауынгердің есімі анықталды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтпек. Қазақстаннан қан майданға 1 миллилон 700 мыңнан астам адам аттанып, олардың тең жартысынан астамы елге оралмады.

Майдан даласында ерлікпен қаза тауып, хабарсыз кеткен боздақтар қаншама. Ұрпақтары әлі күнге бір хабарын күтіп, үміт үзбейді. Сол зұлмат соғыстың аяқталып, Ұлы жеңістің салтанат құрғанына 75 жыл өтсе де жүректерге соғыс салған жара жазылған жоқ, өскелең ұрпақ елін, жерін қорғап, қасықтай қаны қалғанша жауға жармасып, жанын пида еткен ерлерін ұмытпақ емес.

Қайта қан майданнан оралмаған батырларына іздеу салып, бабаларына құрмет көрсетуге, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бастама көтергендер қатары көп. Біреудің әкесі, біреудің атасы, енді біреудің бауыры соғыстың құрбаны болды. Осы ретте, біздің оқырмандарға сүйінішті хабарымыз бар.

«Қазақстандық кәсіби салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі одағы» ҚБ Ресей Федерациясының Ивановск облысындағы әскери зиратта жерленген 108 қазақстандық жауынгерді анықтады.

«Біз құрамына кіретін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы тарихи ескерткіштерді қорғау және Отан қорғау жолында құрбан болған жауынгерлерді мәңгі есте сақтау бағытында жемісті еңбек етіп жатқан «Еуразиялық диалог» халықаралық қорына қолдау көрсетіп келеді. Бұл қор сонымен қатар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен азаматтарды іздеумен де айналысады. Теміржолдағы Қазпрофтранс одағы да осы акцияға белсенді қатысып, қолдау білдіріп отыр. Біз ұсынып отырған жауынгерлер тізімінен бәлкім теміржолшылардың да тума-туысы, туғандары табылып қалар деген үміттеміз», – деп ой бөлісті «Қазпрофтранс» ҚБ-ның ұйымдастырушылық және халықаралық жұмыс департаментінің директоры Нұрлан Нұрпейісов.

108 қазақстандық жауынгердің тізімі, олар туралы басқа да деректі оқырман газетіміздің railnews.kz сайтынан таба алады.