Кәсіпкерлерге қолдау бар

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің мәжіліс залында Белкөл мен Қызылорда теміржол станцияларын пайдаланушы кәсіпкерлермен кездесу өтті. Онда кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, шағын және орта кәсіпті өркендетуге жасалып отырған қолдау-көмек жайлы түсінік берілді.

Еркін форматтағы жиынға кәсіпкерлерден бөлек Қызылорда ЖТ бөлімшесінің директоры Аманкелді Арысбаев бастаған жергілікті теміржол басшылары мен Көлік прокуроры Еркебұлан Лесбеков және «Теміржол» партия филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаева қатысты.

Көлік прокуроры Еркебұлан Лесбеков баяндама жасап, аймақ теміржолын пайдаланушы кәсіпкерлерге ҚР Президентінің өткен жылдың желтоқсанында жариялаған №229 Жарлығын түсіндірді. Аталған жарлыққа орай кәсіпкерлер жұмысы халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірер болса немесе заңдылық бұзылып, қоғамдық тәртіпке нұқсан келер болса ғана тексеру жүргізілетіні түсіндірілді. Кәсіп иелерін орынсыз тексеру, кедергі жасау, негізсіз ақпарат талап етуге шектеу жасалынғаны, заңдылық шеңберінде қолдау көрсетілетіні сөз болды.

– Ашық әрі еркін форматта сіздермен кездесу үшін бүгінгі жиынды ұйымдастырып отырмыз. Саладағы жұмыстарды жандандыру, теміржол көлігі саласында кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуының алдын алу үшін кездесу ұйымдастырылды. Сіздерді толғандырған, жұмыстарыңызға кері әсерін тигізетін жағдайлар болса, оның тиімді шешілуіне жұмыс жасаймыз. Кәсіпкерлерді қолдау және салада құқық бұзушылықты болдырмау үшін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде арнайы мобильдік топ құрылды. Және де осындай форматтағы жиын алдағы күндерде Арал-Қазалы станцияларында да ұйымдастырылып түсіндіру шаралары тұрақты жүр-гізілетін болады. Бұл бағытта бө-лімше басшылығы да біздерге әріп-тестік көмегін көрсетеді, – деді Көлік прокуроры Еркебұлан Лесбеков.

Жиында сөз алған кәсіпкер Берікбай Өксікбаев, өзі бұрынғы теміржолшы екенін, құзырындағы 2200 метр жолмен жүріп өткен жылжымалы құрамдар үшін монополияға қарсы агенттікке ақша төлейтінін айтты. Және де кәсіпкер өз мамандары осы жолды айына үш мәрте тексеруден өткізгенмен, өздеріне байқалмайтын ақаулықтың салдарынан вагонның жолдан тайып кету жағдайы орын алмай тұрмайтынын, сондықтан бөлімше тарапынан кәсіби мамандардың кірме жолдарды тексеруін өтінді. Және де маневрлік тепловоздарды пайдалануда тарифтің төмендетілуіне ұсыныс білдірді.

Кәсіпкердің өтінішіне жауап берген бөлімше директоры, «жолды тексерген сайын акт жасап станция басшылығына, тіпті менің атыма хат жолдаңыздар, сол хат негізінде керекті шара қолдану қарастырылатынын» жеткізді.

Жиында маневрлік тепловоздың жұмысын оңтайлы ұйымдастыру, баға тарифі, кірме жолдардың жай-күйін жақсарту мәселелері де көтерілді. Айта кетейік, кірме жолдардың техникалық талап деңгейінде болмауынан 2018 жылы кірме жолдарда 8 жағдай, өткен жылы 9 жағдай орын алып, вагондар жолдан шығып кеткен.

– Әр станцияның санатына, ондағы жұмыс ауқымына қарай маневрлік тепловоз бөлінеді. Қазіргі таңда маневрлік тепловоздың тапшылығы деген мәселе жоқ, бұл шешімін тапқан. Жалпы бөлімшеде тіркелген 185 кірме жолдың 163-і жеке кәсіпкерлердің еншісінде, алайда олардың техникалық сапасын жақсарту керек. Кәсіпкерлерді қолдаймыз, қазіргі таңда қағазсыз вариантпен жұмыс жасау шараларын жүргізіп, кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдалануына жағдай қарастырудамыз, – деді бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев жиын соңында.