Малдан қауіп сейілмей тұр

Шу жол дистанциясының жолшылары темір жол төсемінің маңайында мал бағу ережелерін бұзбауға шақырады. Олар жолға шыққан әр малдың пойыз қозғалысына қауіп тудырып отырғанын айтып дабыл қағуда.

Дистанция директорының орынбасары Дәулетбек Жолдасбаевтың айтуынша, бүгінде еліміздегі темір жол бойында пойыздардың мал басу фактілері азаяр емес. Малдың жол үстіне жиі шығуы жүк және жолаушылар пойыздарының кідіріп, кестесінен жаңылуына әкеп соғуда.

– 2019 жылдың 10 айында Шу жол дистанциясының телімдерінде малдың жолға шығып кетуіне байланысты пойыздарды апатқа ұшыратпау үшін локомотив машинистері 11 рет оқыс тежеу жасауға мәжбүр болды. Ал мұндай жағдай орын алғанда оның зардабы шаш етектен екені өзінен-өзі түсінікті. Вагонда келе жатқан адам мен жүктердің соқтығысуына немесе жолаушылардың жарақат алып, жүктердің аударылуына әкеліп соғуы мүмкін зардабы ше? Қараусыз жүрген малдың темір жолға кедергісі жылдан-жылға азаяр емес. Сондықтан бұл дабыл қағарлық, бірлесіп шешуге тиісті мәселе болып отыр, – дейді Д. Жолдасбаев.

Шу жол дистанциясы негізінен Шу, Мойынқұм, Қордай аудандарының аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 468,7 км темір жолды қадағалап отырады. Жүздеген шақырымға созылып жатқан темір жолды малдан толық қоршап, қорғау мүмкін емес. Қараусыз жүрген малдың темір жолға шығып кету фактілері Көктөбе, Еспе, Шоқпар, Хантау, Жиделі станцияларының аралығында өте жиілеп кеткен. Мал басу оқиғалары, әсіресе түнгі уақыттарда көп болады екен. Мұның бәрі, әрине темір жолға жақын орналасқан ауылдардың мал иелерінің салғырттығынан екені даусыз.

Осы жауапсыздықты жою мақсатымен жыл сайын темір жол бойындағы және оған жақын елді мекендерде жол дистанциясының мамандары мал иелеріне «Темір жол төсемінің маңайында мал бағу ережелері», темір жолдағы қауіп-қатер мен қауіпсіздік қағидаттары туралы үгіт-насихат, тәрбие беретін түсіндіру іс-шараларын тұрақты жүргізуде.

Бірталай рет мал бағу ережесін бұзған фактілер тіркеліп, ереже бұзғандар желілік полиция бөлімшесіне берілген. ҚР ӘҚбК-ның 559 б. 1б. бойынша 11 мал иесі әкімшілік жазаға тартылды.