Апаттың алдын алғандар теміржолшыларды марапаттады

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Өткен жылдың қорытындысымен Қазалы вагон пайдалану депосының 19 теміржолшысы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауды арттыруға қосқан үлесі үшін «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Кәсібі бойынша үздік» және «Үздік маман» төсбелгілерімен марапатталды.

Салтанатты жиында депо бастығы Арғын Орымбаев пойыздардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде қырағылық танытқан әріптестерінің қуанышына ортақтасып, марапат иелеріне кеуде белгілерін өз қолымен тақты.

– Жылдың алғашқы айы өткен жылдың үздіктерін марапаттаумен басталуы мен үшін де, ұжым үшін де зор мәртебе. Тәуліктің қай мезгілі болмасын өз кәсібіне адал теміржолшылардың құрметке бөленуі – бәріміздің мерейіміз, еңбегімізді елеген бөлімше мен компания басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – деді әріптестері атынан ақжолтай тілегін білдірген Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев.

Марапат иелері бүгінгі марапатына кездейсоқ тап болған жоқ. Олар маңдай терін төгіп, табанынан тозып өздеріне бекітілген бекеттердегі техникалық қызмет көрсету орындарына аялдаған пойыз вагондарының бәрін сүзгіден өткендей сараптап, көзден өткерді. Кінәраты бар вагонды құрамнан ажыратып, мамандармен бірлесе қайта тексертті, болуы ықтимал апатқа әкеп соғатын қауіпті вагон ұшырасқанда жанын салып дабыл қақты, апаттың алдын алды.

Тіпті кейбір табылған вагон ақауларын зерделеген мамандар өте қиын ақауды табу кезінде қырағылық танытқан деген баға беріп, вагон қараушы-жөндеушілердің кәсіби шеберліктеріне тәнті болды, алғысын айтып арқадан қақты. Ақаулы вагондар депоның Қызылорда, Қазалы, Қамыстыбас, Аралқұм және Сексеуіл станцияларындағы вагондарға техникалық қызмет бекетінің теміржолшыларымен анықталып табылған.

– Қазалы вагон пайдалану депосында үздіктерді марапаттау «ҚТЖ-ЖТ» АҚ Бас директоры-басқарма төрағасы Қ.Сәуірбаевтың 26.12.2019 жылғы №237ГП бұйрығына сəйкес, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша адал еңбегімен жəне ерекше қырағылық танытуымен жүк вагондарының арбаша бөлшектерінен жəне доңғалақ жұбынан ақау анықтап, апаттың алдын алған, өздерінің кəсіби мамандыққа адалдығын дəлелдей білген бірнеше вагон қараушы-жөндеушілеріміз «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен қоса 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы ақшалай сыйақымен марапатталды.

Бұл жаңалық марапат иелерімен бірге бізді де қуанышқа бөлеп, ұжым болып қуанудамыз. Өткен жылы еңбекте мерейі үстем болып біздерді қуантқан жыл үздіктері – Еркін Сайфулмәлік, Алтай Сейтмағанбетов, Батырхан Жұмабаев, Қайрат Ысқақов, Айболсын Сүндетов, Жәнібек Әубәкіров, Алдаберген Меңдібаев, Төлепбай Аязбаев, Ерлан Есмамбетов, Асхат Молдашев, Ғалымжан Өтеулиев, Руслан Балқожаев, Рысбек Оразалиев, Сейтмек Онбаев, Түстібай Әлбиев, Әнуарбек Көмірбаев пен Дастан Қарабеков, – деді әріптестерінің мерейі өскеніне қуанған ұжым бастығы.