Қар тазалау да қайырымды іс

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбенің Жем станциясы ұжымы қайырымды іс жасаудан ешқашан сырт қалған емес. Әсіресе олар жалғызілікті жандарға, қарттарға қол ұшын жиі созады. Биыл да демалыстарын ауласындағы қалың қарды күрей алмай отырған қарияларға арнап, сауапты іспен айналысуда.

Міне, бұл жолы жиналып, мүгедектігі бар әріптестерінің ауласын қардан тазалап берді. 2000 жылы өндірістік жарақат алған ардагер Нұрлаш Сағымбаев 2017 жылдан бастап зейнетке шыққан. Кешегі әріптестерінің қолғабысына көңілі толған ардагер алғысын жаудырып, батасын берді. «Ізгіліктің ізгі көрінісін жас буынға осындай қайырымдылық шараларымен көрсеткіміз келеді.

«Кең болсаң, кем болмайсың» дегенді түсінген жастар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алады. Ардагеріміздің ауласын әпсәтте қардан тазалап бердік. Ол – бір адам үшін үлкен жұмыс. Ал біздің жігіттерге түк емес. Биыл қар тазалау қалыпты жағдайға айналды. Тағы бірнеше қарияға көмектесеміз. Биыл қар қалың түсті, сондықтан оны тазалау халыққа кәдімгідей күш болып тұр», – дейді Жем станциясының басшысы Қоблан Бектұрғанов.

Екінші класты Жем станциясында 20 қабылдау-жөнелту жолы бар. Станцияда барлығы 70 адам еңбек етеді.