Қантарда кідіріс болған жоқ

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде бір аптаға ұласқан долы боран күніге 15-20 техника мен 300-350 адамды үздіксіз қар тазарту жұмыстарына жұмылдырды. Нәтижесінде пойыздар қозғалысында еш кідіріс болған жоқ, қозғалыс қауіпсіздігі толық сақталды.

Күшейтілген тәртіптегі жұмыс кестесіне көшкен магистральдық желі жұмысшылары тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс жасады. Сонымен қатар апаттық бригадалар жұмысының нәтижесінде өңірде жүк және жолаушылар пойыздары кестеге сай уақытымен жүріп жатыр.

«Қысқы жұмыстар қатаң тәртіппен уақытылы жүріп жатыр. Пойыз тоқтау, кідіріс болу деген жағдай тіркелген жоқ. Күніге 15-20 техника қар тазарту жұмыстарына шығады. Күндіз-түні кезекшілік кестесі жасалған. Бір күнде 300-350 адам шойынжол бойында пойыздардың тоқтаусыз жүрісіне қызмет етіп отыр», – дейді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі басшысының орынбасары Темірғали Көштаев.

Бүгінгі күнде жағдай тұрақты. Боран басылғаннан кейін барлық станцияларды тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған барлық мекеме жұмысшылары тартылған. Перегондар, қоршау аумақтарын қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қар ұстайтын кедергілерді көтеріп, қолдан қарды жібермейтін аққалалар жасалып жатыр. Автотракторлардың көмегімен биік-биік қар ұстағыштар тұрғызылуда.

«Ақтөбе станциясы, пайдалану депосы, вагон құраушылар, жол дистанциясы, электрмен жабдықтау дистанциясы, жолаушылар тасымалы қызметтерінен тек станция аумағын тазартуға жетпістен аса адам жұмылды. Станцияның І, ІІ жолы қардан тазартылып, мұз ою жұмыстары түске дейінгі уақытта жүргізілді. Қар тазарту техникасы әп-сәтте жолдың қарын екі жағынан тазартып шықты. Жұмыла жасалған осындай жұмыстардың нәтижесінде пойыздар жүрісі қауіпсіз, жолаушыларға да кедергі жоқ», – дейді Ақтөбе станциясының басшысы Нұрлан Ермағамбетов.

Өңір теміржол көлігінің қызметін тұрақты әрі қалыпты жүргізуді бақылауда ұстап отыр. Қаңтарды осылай қорытындылаған ақтөбеліктер ақпанның сынағына да сақадай сай.