Жолсеріктер бригадасына нұсқау берілді

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Санитарлық-эпидемиологиялық органдардың қызметкерлері жолаушылар, пойыз бригадалары мен машинистерде бетперде болуын қатаң талап етеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

29 қаңтарда «Жолаушылар тасымалы» АҚ өз сайтында биыл 1 ақпаннан бастап «Алматы-2/Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Үрімші» бағытындағы №1354/14-53 (ҚР құрастырылған) халықаралық жолаушылар пойызының жүру бағыты Достық станциясына дейін уақытша қысқартылатынын хабарлады.

Дәл осы күні «Сарыағаш-НұрСұлтан-1» бағытындағы №86 жолаушылар пойызының пойыз бригадасы қызметкерлерімен жолаушы ҚХР азаматтарының денсаулығын тексеру мақсатында Шу станциясына жедел медициналық жәрдем шақыртырылған.

Шу станциясына келгенге дейін пойыз бригадасының қызметкерлері барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдаған. Алдымен олар №26 вагондағы екі жолаушыны қызметтік купеге оқшаулап, купені дезинфекциялық ерітіндімен залалсыздандырған. Сосын әрбір 30 минут сайын вагонның едендері мен санитарлық тораптарына дезинфекция жүргізген.

Шуға келгеннен кейін қытайлық екі жолаушыны ауруханаға жатқызу үшін пойыздан түсірген. Кейін коронавирус диагнозы расталмай, жолаушылар ауруханадан шығарылды. Қарағанды станциясына келгесін әлгі вагон санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларын жүргізу үшін ағытылды.

Осыған орай «Жолаушы тасымалы» ұлттық тасымалдаушы тарапынан жолаушы ауырған жағдайда пойыз бастығының іс-қимыл тәртібін реттейтін Нұсқаулық әзірленді. Жолаушылар пойызында коронавирус белгілерінен күдігі бар жолаушылар немесе қызмет көрсетуші персонал анықталған жағдайда, пойыз бастығы дереу вокзал кезекшісіне немесе медициналық пункт орналасқан жақын станцияның кезекші диспетчеріне машинист арқылы хабарлауы тиіс.

Пойыз аялдама пунктіне келгенге дейін ол алғашқы эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге міндетті, мәселен, науқасты басқа жолаушылардан оқшаулау, науқас жолаушы орналасқан вагон арқылы адамдардың жүріптұруына тыйым салу, әрбір 30 минут сайын шай ыдыстарын, едендерді, санитарлық тораптарды және т.б. дезинфекциялауды жүргізу жұмыстарын жасайды.

Пойыз бригадасы қызметкерлері медициналық маскалармен жабдықталған және оларды міндетті түрде кию қажеттігі туралы қатаң ескертілді. Жолаушылар мен қызмет көрсететін персоналдың эпидемиологиялық қауіпсіздігі мәселесі «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан тұрақты бақылауда.

Барлық бағыттағы жолсеріктер бригадасы арнайы дайындалған нұсқаулықпен танысып, соған сай әрекет етуде деп хабарлайды ұлттық тасымалдаушының өкілі.