Түйсігі алдаған емес

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Отыз бес жылдан бері Арыс вагон пайдалану депосында вагон қараушы болып еңбек ететін Асан Ахашевтің тәжірибесі жетеді. Бүгінде аға тексерушіжөндеуші болып жастардың тәлімгер ұстазына айналуы да бекер болмаса керек.

Әріптестері оның ерекше қағылез, қырағы, еңбекқор, бәрінен бұрын вагондар ақауын дәл басып танитын ерекше қасиетін сүйсіне әңгімелейді.

«Талай апаттың алдын алған майталман ғой» десті бірауыздан. Әдетте вагон қараушылар күніне 20-дан астам құрамды қарап, шығарып салады. Әрбір құрам 60-65 вагоннан құралады. Вагонның техникалық жағдайын вагоншылар арнайы құрылғылар көмегімен, дөңгелекке арнайы балғамен ұрып тексеріп, ақаулы-ақаусызын өздеріне ғана тән белгі бойынша анықтайды. Арыс вагондарды тексеру қосынында 23 вагон қараушы еңбек етеді. Жұмыс тәулік бойы, ауысым таңғы сағат 9.00-де басталып, кешкі 21.00-ге дейін жалғасады. Екі күн демалып, екі күн жұмысқа шығады.

«Жұмыстың оңайы жоқ. Қай жұмыстың болсын қиындығы да, қызығы да қатар жүреді ғой. Вагондарды тексерген кезде ең бірін ші назар аударатын нәрсе, ол қырағылық пен мұқияттылық, әрине, сонымен қатар біздің кәсіпке ұзақ жылдар төселген жандарда интуиция деген де қалыптасады. Мені, мысалы, сол түйсігім алдаған емес. Кейде бір тексеріп өткен құрамға қайта оралып, көңіліме күдік ұялатқан вагонға қайта барам, сырт көзге ештеңе көрінбейді, бірақ дыбысталуынан бір шуылды сезгендей боласың, айналып келгенде сол доңғалақтан ақау шықса, яғни интуицияң сені жетелеп келді деген сөз. Жалпы, вагондарды тексеру тәртібін түсіндіре кетсек, алдымен вагондарды балғамен ұрып көреміз. Бас жағындағы болттары екі рет дыбыс берсе, демек ақау бар деген сөз. Дөңгелектің артқы жағын қараймыз. Ақау тапқан жағдайда, біріншіден, вагонды ағытатын және ағытпайтын кезі болады. Вагон екіге бөлінеді: тежегіш, жүретін бөлігі. Кейде ақаулар тежегіштен, құрылғыдан да шығып жатады. Егер тез арада жөндеуге келетін болса, сол жерде жөндейміз. Егер ұзақ жөндеуді қажет ететін болса, ол вагонды құрамнан ағытып аламыз. Оның орнына басқа тағы бір вагон қосады», – деп тәптіштей түсіндірді тәжірибелі вагон қараушы.