Атыраулықтар жақын аралыққа қатынайтын пойыздарды шығаруға сұрады

Облыс орталығы мен шалғай аудандар арасындағы жолаушы қарым-қатынасы әлі күнге күрделі күйде қалып отыр. Пойыздар қатынасы болмағандықтан адамдар жеңіл автокөліктерге иек артады, ал ол қауіпсіз емес.

Мысалы, Атыраудан 350 шақырым қашықтағы Сағыз және Ганюшкино станцияларына жолаушы қатынасы нашар. Себебі автожол өте сапасыз күйде: ойдым-ойдым шұңқыр, кедір-бұдыр.

Содан да жол апаты жиі орын алады. Ал республикааралық және халықаралық жолаушы пойыздары тек белгілі уақыттарда ғана жүреді, соның ішінде түнгі уақыттарда жүретіндері жолдағы станция тұрғындары үшін тіптен қолайсыз.

Бұл проблема туралы аудан тұрғындары көптен айтып келе жатыр. Олар қаламаңы қатынасын дамытып, бір немесе екі вагоннан тұратын болса да жақын аралыққа қатынайтын, облыс, ауданаралық пойыздар шығарса деген өтініштерімен жергілікті темір жол басшылығы мен жергілікті атқарушы органдардың да көптен құлақ етінің құрышын жеп келген еді.

Бірақ нәтиже болмай отыр. Жуырда облыстың жаңа әкімі М.Досмұхамедовке тұрғындар тағы да осы өтініштерін жеткізген болатын. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Мағауия Оразқұловтың айтуынша, аймақ басшысы жергілікті халықтың өтінішіне орай ауданаралық пойызды шығару қаншалықты мүмкін екендігін, егер вагондар сатып алынса, бөлімше тепловоздармен қамтамасыз ете ала ма деген сауалын қойыпты. Басшының түсіндіруінше, бөлімшенің ондай мүмкіндігі бар.

Тек жергілікті әкімдік вагондармен қамтамасыз ете алса, онда ол жолаушы пойыздарын облыс көлеміндегі аумақта тасымалдауға құзіреті жетеді екен.

Әрі бүгінде бұрынғыдай шұбырған көп пойыз жоқ, белгілі бір уақытпен маршрутын да белгілеп, жүргізуге болады. Бұл мәселе оң шешілсе, жиі орын алып жататын жол апатынан зәрезап болған аудан тұрғындары, жалпы облыс халқы, қауіпсіз пойыз көлігін таңдайтыны анық.