Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау 25% артты

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынасқа өкпе айтудың реті жоқ. Оған өткен жыл еншісіндегі көрсеткіштер дәлел. Мәселен, 2019 жылы Қытай мен Қазақстан арасында темір жол көлігімен 17,6 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл 2018 жылдың көрсеткішінен 25% жоғары болып отыр.

Бұл туралы 28 қаңтар күні «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәуірбаевтың қатысуымен өткен ұлттық тасымалдаушы компанияның 2019 жылдағы жұмысын қорытындылаған және ағымдағы жылға қойып отырған мақсат-міндеттері сөз болған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте мәлім болды.

– Темір жолдар ынтымақтастығы ұйымы кеңесінде 2019 жылға арналған екі ел арасындағы тасымалдар көлемі бойынша келісілген жыл сайынғы жоспарда 15,5 млн тонна көлемінде жүкті тасымалдау қарастырылған болатын. Біз ол жоспарды өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мерзімінен бұрын орындадық, – деді Қайрат Сәуірбаев.

Оның айтуынша, Қытай халық республикасынан былтыр 6,8 млн тонна жүк қабылданып, бұл көрсеткіш 2018 жылдың балама көрсеткішінен 24% артық шыққан. Ал Қазақстаннан Қытайға 10,8 млн тонна жүк жөнелтіліп, оның өсімі алдыңғы жылға қарағанда 26% құраған. Екі ел арасындағы жүк айналымының өсіміне контейнерлік тасымал транзитін, сондай-ақ, Орта Азия елдерінен мақта, темір кені және бірқатар жүк номенклатураларын ұлғайту есебінен қол жеткізілген.

«Бүгінде Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы жүк пойыздарын алмасу тәулігіне 17 пойызды құрап отыр. Бұл – Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы тарихындағы аталған шекаралық өткелдердегі рекордтық көрсеткіш», – деп атап өтті спикер.