Жемқорлық саласындағы заңда күшейтілген жазалар айтылды

«ҚТЖ» ҰК» АҚ ғимаратында өткен арнайы семинарда Қазақстанда сыбайлас жемқорлық саласындағы заңда күшейтілген жазалар, өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Жиынға ұлттық компания мен оның еншілес ұйымдарының барлық басшылары қатысты. Шараны компанияның комплаенс қызметін басқаратын Ирина Капанова сөз сөйлеп ашып, жиынның мән-маңызына тоқталды. – Семинардың көздеген мақсаты – компанияның барлық лауазымдық тұлғаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң аясында құқықтық білімін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсатта арнайы мамандарды шақырдық, олар барлық сұрақтарға жауап беруге дайын, ал өз тарапымнан айтарым, осында жиналған көшбасшылар – сіздер өз еңбек ұжымдарыңызда жемқорлықтың кез келген белгісіне нөлдік төзімділікпен қарау деңгейінің қалыптасуына ең басты жауапты тұлға екендеріңізді ұмытпаңыздар. Бұл тұрғыда бәріне үлгі болатын сіздер, – деді ол.

Аталған заңды талқылап, дәріс оқу үшін шараға сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік өкілдері де шақырылды. Атап айтқанда, «Адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Қорғанбай Мирас және «Адал жол» жобалық кеңсесінің өкілі Ержан Нұрбаев тақырып аясында толық мәлімет берді.