Цифрлы трансформация аясында

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Тасымалдау процесінің барлық кезеңінде айқындық пен клиентке бағдарлануды арттыруға бағытталған, цифрлы трансформация бағдарламасы шеңберінде Компанияның барлық жүк станцияларында, яғни шамамен 456 станцияда «Келісімшарт және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған басқару жүйесі табысты енгізілді.

Бұл туралы 28 қаңтар күні «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәуірбаевтың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.

Жүйеге шамамен 50 мың клиент, жүк жөнелтушілер, жүк қабылдап алушылар, экспедиторлық ұйымдар тіркеліп, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның 7000 астам қызметкері жұмылдырылған.

– Қазақстан Республикасы аумағы бойынша қағазсыз технология бойынша тасымал құжаттарын рәсімдеу 94% құрайды немесе 10 мыңнан астам келісім-шарт. Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық мемлекетаралық түйіспе пункттері бойынша экспорттық қатынаста қағазсыз технология бойынша 6000-нан астам тасымал құжаты рәсімделді. Сондайақ Қытай, Әзербайжан, Қырғыз теміржол әкімшіліктерімен Электрондық мәліметтер алмасу туралы келісімге қол қойылды. Экспорттық-импорттық қатынаста қағазсыз технологияның интеграциясы ары қарай да жалғасатын болады, – деді Қайрат Сәуірбаев.

Бұдан кейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшысы 2020 жылы алға қойып отырған басым міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында Қытайға темір кені, дәнді және бұршақ дақылдарын, Орта Азия елдеріне, соның ішінде Өзбекстанға құрылыс жүктерін, цементті экспорттау және транзитті өсіру есебінен, тиеу көлемін 2,5% ұлғайту көзделген.

Сондай-ақ, қазақстандық көмірді Өзбекстанға және ҚХР арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тиеу артады деп жоспарлануда.

Цифрландыру мен трансформация бағдарламаларын жүзеге асыру, локомотив паркін пайдалану көрсеткіштерін жақсарту, «Энергодиспетчерлік тарту» автоматтандырылған жүйесінің көмегімен пойыздарды тартуға дизель отынының шығынын азайту бойынша жұмыстар жалғасады.