Машинистер марапатталды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Жем локомотив пайдалану депосы жыл қорытындысын жасап, үздік машинистерін марапаттады. Алғыс хат тәртібі жақсы, тазалықты сақтап, әрдайым біліктілігін арттырып отыратын машинистерге берілді.

Жем локомотив пайдалану депосы ұрпақтар сабақтастығын дәстүрге айналдырған. Аға буын үнемі жастарды қолдап, демеп, қажет кезде ақыл-кеңесін беріп отырады. Сондықтан болар, соңғы жылдары жастар арасында да түрлі байқауларда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрініп жүргендер қатары артуда.

– Депода барлығы 600-ден астам адам жұмыс істесе, оның ішінде 485 адам – машинист пен көмекші машинистер. Яғни, олар депоның қантамыры десек болғандай. Жыл қорытындысын жасап, үздіктерді марапаттау дәстүрге айналған. Бұл жолы төрт машинистің жұмысы үздік деп танылып, Алғыс хат алды. Жем локомотив пайдалану депосынан Азат Капенов «Жыл машинисі», Азамат Байжанов машинистің көмекшісі атанды. Шалқар депосы бойынша үздік машинист Арнұр Алшын танылса, машинистің көмекшісі Ерлан Опин болды. Машинист жұмыста озат болуы жеткіліксіз, отбасында үлгілі болуы шарт. Оның тәртібі мен тазалығы, жауапкершілігі мен ынтасы, талапшылдығы – бәрі-бәрі назарға алынады, – деді Жем локомотив пайдалану депосының бастығы Дәулетқали Жалмұхамбетов.

Біліктілікті арттыру – деподағы басты талап. Өткен жылы төртінші санаттағы машинист Азат Капенов біліктілік байқауына қатысып, Қазақстанның батысы бойынша жүлдегер атанған.