675 жадынама таратылған

Теміржолшылардың жыл бойына қауіпсіздік шараларын, теміржолдан өту ережелерін қарапайым халыққа түсіндіру мақсатындағы жұмыстары үздіксіз жалғаса береді. Себебі пойыздар қозғалысы да тоқтаусыз, сондықтан түсіндіру және рейд жүргізу шаралары – теміржолшы қауымының, әсіресе еңбек қорғау инженерлерінің басты жұмыстарының бірі болып қала береді.

Өткен жылғы жұмыстарына шолу жасаған Нұр-Сұлтан станциясының еңбек қорғау және қауіпсіздік инженері Маржан Айтмағанбетованың айтуынша, олар былтыр теміржолға жақын орналасқан оқу орындарында 1852 баланы қамтыған 14 кездесу өткізген. Ал жол маңайына жақын тұратын елдімекендермен 24 түсіндіру жұмысын жүргізіп, 435 адамды қамтыған. Бұл жұмыстарды олар ай сайын жүргізіп отырады.

Сонымен қатар, БАҚ беттерінде теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін түсіндіретін материалдар шығарып, одан бөлек айына екі рет әскери күзетшілер мен желілік тәртіп сақшыларымен бірге теміржол бойында рейдке шығады. Мұндай 24 рейд өтіп, соның барысында 435 адамға жолдан өту ережелері түсіндірілген. Тұрғындарға да, оқушылар мен студенттерге де жадынамалар таратылған.

Тек былтыр сондай 675 жадынама берілген екен. Қауіпсіздік шараларының ішінде теміржол өткелдері мен өтпе жолдардағы дауысзорайтқыш байланыстың жұмыс жарамдылығын тексеру де маңызды. Олардың жарамдылығы өткен жылда 16 рет қаралған.

Сондайақ станцияны, перрондарды, станция алқымдары мен жолаушылар көпірлерін жарықтандыру мәселесі де осы бағыттағы басты назарда ұсталатын жұмыстарға жатады. Былтыр жарықтандыру жайы 12 рет тексерілген. Бұған қоса қай жолда маневрлік жұмыстар болып жатқанын және пойыздардың өтіп бара жатқанын, келген-кеткенін уақытында халыққа хабарлап отыру тәртібі де тексеріледі.

Өткен жылы ол тексеру 11 рет жүргізіліпті. Халыққа теміржолдың аса қауіпті аймақ екенін ескертетін қазақ және орыс тілдеріндегі плакаттар, аншлагтардың станция аумағында ілінуі де назардан тыс қалмайды. Бұл ретте тоқсан сайын жүргізілген тексеру нәтижелері сондай белгілердің жеткілікті деңгейде және талапқа сай екенін көрсеткен.