Дегеніңе жет, Қуаныш!

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Астана вагон пайдалану депосында кілең сайдың тасындай мықты жігіттер жұмыс істейді. Солардың бірі Қуаныш Кенжебектің осы депода несібесін теріп жүргеніне жеті жыл. Жауапкершілігімен қатар қиындығы мол вагон қараушы кәсібіне екінің бірі шыдай алмайды. Сондықтан ол жігіттің жігітіне сын мамандықты меңгергенін мақтан тұтады.

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының тумасы Қуаныш өзінің құрдас замандастары сияқты жас астанаға арман қуып келіпті. Қазақ көлік және коммуникациялар колледжінде вагон шаруашылығы мамандығын таңдап, оқу орнын бітіріп шығады.

Диплом алған жас жігіт туып-өскен жайма-шуақ оңтүстігін қаңтарда аязды, ақпанда ақ түтек боранды, көктем-күзі жауын-шашынды, жаз тіпті болмайтын Арқаға ауыстырып, нартәуекел деп еңбек етуге бел буа кіріседі.

Еңбек жолын үшінші дәрежелі слесарьдан бастаған ол көп білсем деген білімқұмарлығы мен табанды еңбекқорлығының арқасында жеті жыл ішінде 7-ші дәрежелі слесарь әрі аға вагон қараушы деңгейіне көтеріледі.

«Мен өз кәсібімді жақсы көремін. Менің әкешешемнің теміржол саласына еш қатысы жоқ. Кейде теміржолшы әулетінен шыққандар ғана нағыз теміржолшы бола алады деп жатады адамдар. Мен онымен келіспес едім. Меніңше, өз мамандығын шынайы сүйген адам ғана өз ісінің майталманы болатын сияқты. Әрине, менің әлі шыңдалуым, білімімді жетілдіруім қажет. Осы бағытта ізденіп те жүрмін. Жұмыс істеп жүріп, сырттай Алматыда КУПС-ті бітірдім. Техникалық сабақтарды қалдырмауға тырысамын. Қолым боста нұсқамаларды, қауіпсіздік техникасы ережелерін терең меңгергім келеді», – дейді аға вагон қараушы.

Қуаныш өз ауысымындағы майталман мамандарды мақтан тұтады. Олардың арасында Құрметті теміржолшылар, «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» медалімен марапатталғандар барын және бұл атақ-дәрежеге олар адал еңбектерімен жеткендерін айтады.

«Қиын да күрделі ақауды бірнеше мәрте анықтаған мамандар бар. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе мектебі, жұмыс барысында көп көмектеседі», – дейді Қуаныш.

Қуаныштың да өзі бір жолы дөңгелек жұбынан, букстан анау айтқан күрделі болмаса да ақау тапқанын мақтанышпен айтып берді. Алдағы уақытта өз ісінің майталманы болып, аты аңызға айналған алдыңғы буын ағалары құсап ерен еңбегімен елге танылып, «Құрметті теміржолшы» белгісінің иегері болу арманы екенін де жасырмады. Несі бар, болашағы алда жас жігітке бәрі де жарасады дер едік. Дегеніңе жет, Қуаныш!