Пойыздарды тоқтатқан жоқпыз

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде екі күннен бері үздіксіз қар жауып, соңы үскірік аяз бен боранға ұласуда. Автокөліктер үшін барлық бағыттарға жолдар жабылды. Пойыз қатынасында мұндай қиындықтар әзірге жоқ. Жолды қардан тазарту жұмыстарының тоқтаусыз жүруінің нәтижесінде қозғалыс кедергісіз жүзеге асуда.

Жыл басынан бері жол дистанциясы аумағынан 3400 м³ қар шығарылған. Боран күшейіп, аяз көтеріліп, автокөлік жолында жолда қалған жолаушылар саны артып жатыр.

Олардың бәрі, әрине тоқтаусыз жұмыс істеп жүріп жатқан пойыздарға, теміржол көліктеріне иек артуда. «Жолды қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Дистанцияда қар тазалайтын бес техника бар: СМ-2 №849, СМ-2 №955, СДПМ №3420, СДПМ №1943 және СС-1 №051.


Барлық техника ақаусыз, мінсіз жұмыс жасап тұр. Күзде барлық бригада техникалық тексерістен өткен. 2019 жылдың қарашасы мен 2020 жылдың 22 қаңтары аралығында 3400 м³ қар шығарылды. Қазір Ақтөбе-1, Ақтөбе-2, Жайсан секілді үлкен станцияларда қар тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Боран күндері тәуліктеп жұмысқа шығамыз.

Қар тазарту жұмыстарының барлығын уақытында жүргізіп, пойыздарды тоқтатқан жоқпыз», – дейді Ақтөбе жол дистанциясының бас механигі Серік Түменбаев.

Жол дистанциясы 129,25 км аумаққа қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде І категориялы 84,97 км, ІІ категориялы 1,54 км, ІІІ категориялы 42,74 км жол бар. Жол бойының бәріне қардан қорғайтын шарбақтар, қалқанды торлар мен екпе ағаштар отырғызылған.

Дистанция аумағында 20 бригада кезекпен жолға шығып қар тазарту, қар шығару жұмыстарын атқарып отыр. Ал өңірде боран қаупі жиі туындайтын Никельтау аумағында да жұмыс қауырт жүріп жатыр екен. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар күні-түні жүргізіліп, қатаң бақылауда екен. Қарлы аумақтың жағдайын станция басшысы хабарлады.

«Қар тоқтаусыз жауып тұр. Тазалап үлгере алмай жатырмыз. Әзірге пойыз қозғалысына зиян келген жоқ. Қар тазарту техникаларымыз толық қуатында жұмыс жасап жатыр. Барлық мамандар кесте бойынша жұмыс орнында. Күндіз де, түнде де оншақты адам қар тазалауға кезекшілікке шығып, жолдар мен бұрылыстар, стрелкаларды қардан аршуда», – дейді Никельтау станциясының бастығы Өмірзақ Өтегенов.