Вагон паркі: кезең-кезеңмен жаңаруда (+ФОТО)

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты жарамдылық мерзімі жеткен ескі вагондар Беларусь Республикасының Гомель қаласындағы зауытта күрделі жөндеуден өткізілуде. Сәрсенбі күні сол күрделі жөндеуден өтіп келген алғашқы екі вагонды «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Михаэль Кортюм БАҚ өкілдеріне үлгілік нұсқа ретінде таныстырды.

Ұлттық тасымалдаушы еліміз бойынша 48 бағытта жолаушы пойыздарын жүргізеді, вагон паркі 2200 бірлікті құрайды. Компания басшысының айтуынша, әр вагон 25 жылдан кейін ережеге сай жөндеуге жіберіледі, сөйтіп олардың жарамдылығы тағы 16 жылға созылады.

Міне, сондай қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары Еуроодаққа кіретін Гомель зауытында жылдам, сапалы және арзан бағаға жасалуда.

Ширек ғасыр қызмет етіп, тозығы жеткен ескі вагондарды жөндеу кезінде олардың тек қаңқасы ғана қалады екен да, басқа бөлшектері толықтай қайта жасалып, түгел жаңартылады екен.

Аталған зауытта жөнделіп келген екі жолаушы вагоны да 50 күн ішінде жаңартылып, купе вагоннан плацкартқа қайта жасақталыпты. Зауытта тағы 35 вагон жөнделіп жатса, биылғы жылы және 50 вагон ды жөндеу жоспарланып отырған көрінеді.

– Компанияның Даму Стратегиясының маңызды бағыттарының бірі – жолаушылар вагондарының тапшылығын жою. Бұл құжатта вагондар санына ғана емес, сапасына да көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта бізде ескі вагондарды жөндеу кестесі әзірленген. Вагон паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Осылайша жыл сайын 100 вагонға дейін жаңарта отырып, барлығы шамамен 1400-ден астам ескі вагондарды жаңартуды жоспарлап отырмыз. Теміржол көлігімен жолға шыққан жолаушылардың жайлылығы мен қолайлылығы үшін бәрін жасаймыз, – дейді қоғамның бас директоры.

Жаңа вагондарды аралап көрген БАҚ өкілдері олардың ішінің толықтай жаңарғанынан бөлек бейнебақылау, кондиционер жүйесі, әрбір жолаушы орнында 220В тоқ көзі, жолсерікті шақыруға арналған белгі беру түймешігі, таза су кулері, тоңазытқыш пен қысқатолқынды пештің бар екеніне куә болды. 54 жатын орын, 81 отыратын орынға есептелген.


Көмірмен де, электр жүйесімен де жылыту мүмкіндігі қарастырылған. Сонау 1980-1990 жылдары жасалған ескі вагондар су жаңаға айналып, халыққа қызмет етуге дайын. Қоғам өкілдерінің айтуынша, жөндеуден шыққан вагондар елімізде жолаушылар тасымалы ағыны тығыз бағыттарға бөлінетін болады. Жалпы аталған зауытта әр вагонды жөндеуге 90 күн уақыт кетеді. Компания мақсаты – ол процесті жылдамдату.


Вагон паркі ескілерін жөндеу арқылы ғана емес, жаңаларын сатып алу арқылы да жаңартылып жатқаны мәлім. Жалпы 2016-2019 жылдар аралығында 269 вагон сатып алынған. Оның ішінде өткен жылы «Тұлпар» ЖШС вагон жасау зауытының ресейлік технологиясы бойынша құрастырылған 91 жаңа вагон бар. Осы жылы аталған серіктестіктен 118 вагон сатып алу көзделуде.



18 вагон биыл бірінші тоқсанда, қалған 100 бірлігі жылдың төртінші тоқсанында алынбақ. Компания мамандарының берген мәліметінше, бір вагонды күрделі жөндеуден өткізу құны 148 млн теңге тұрады. Ал жаңадан вагон алу бағасы – 400 млн теңге.