«Үздік вагон қараушы» байқауы өтті

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Астана вагон пайдалану депо сында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Ақмола жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты вагон пайдалану деполары қызметкерлерінің қатысуымен «Үздік вагон қараушы» байқауы болып өтті.

Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Вагон шаруашылығы департаментінің менеджері Ақылбай Сағындықов департамент бойынша қыс маусымында вагон қараушылардың еңбегін сынға салған мұндай байқау бірінші рет өткізіліп отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі байқауға Атбасар, Жақсы, Еркіншілік, Красивая, Қырқыншы станцияларынан, бақылау қосындарынан вагон қараушылар келіп, қатысып отыр. Сіздерге алдағы уақытта еңбектеріңе табыс тілеймін», – деп ізгі лебізін білдірді Ақылбай Сыздықұлы.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Біріншісі, түске дейін тек тәжірибеге құрылды. Онда байқауға қатысушылар әдейі ағытылып қойған үш вагоннан ақауды белгілі бір уақыт аралығында тауып және де автотіркемені бір уақыт шегінде шашып тастап, қайта жинау керек болды. Екіншісі, түстен кейінгі кезең теориялық білімге арналды. Мұнда қатысушылар іріктеліп алынған ең күрделі 20 сұраққа жауап берді.

Міне, осы талаптардан сүрінбей өткен Сапиев Рақымбай бірінші орынды жеңіп алды. Отыздан енді асқан Рақымбайдың Астана станциясында вагон қараушы болып жұмыс істеп жатқанына 13 жыл болыпты. Ол автотіркемені 34 секундта шашып, жинап берген. Вагоннан ақауды 7 минут ішінде тауыпты. «20 сұрақ болды. Соның бәлкім екеуіне жауап бере алмаған шығармын. Жалпы сұрақтар күнделікті жұмысымызға қатысты болды. Аптасына екі рет техникалық сабақ өтіп тұрады. Солардан қалмауға тырысамын. Сондықтан аса қиындығы болмады. Жалпы мұндай байқаулар қажет. Мотивация аласың, жұмыста үйреншікті болып кеткен нәрсеңе байқау барысында басқаша қарайсың, тіпті басқа қырынан танып жатасың», – деп сыр бөлісті Рақымбай Сапиев.

Екінші орын алған Сахариев Жұматайдың вагон қараушы қызметіндегі еңбек өтілі отыз жылдан асады екен. Қырқыншы станциясында жұмыс істейді. Автотіркемені 40 секундта жинапты. Тәжірибелі вагон қараушы бұл күнде жұмысқа енді араласқан жастарды еңбекке баулумен айналысады.

Үшінші орынды Цальцалько Йосиф Станиславович алды. Жеңімпаздарға құрмет грамоталарымен қатар ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар ең үздік теориялық білім көрсеткен атбасарлық Хасенжанов Әнуарға, автотіркемені шашып және қайта жинауда ең үздік ( 33 секунд) деп танылған Кукумбаев Талғатқа бағалы сыйлықтар табыс етілсе, белсенді қатысқан вагон қараушылар да тарту-таралғысыз қалмады.

«Вагон қараушылар қысы-жазы ашық далада жұмыс істейді. Қыс ақ түтек боран, бет қаритын сары аяз, суық желі бар ауа-райының қолайсыз құбылыстарымен ерекшеленеді. Міне, осы уақытта вагон қараушылар жұмысы қиындай түседі. Бүгінгі байқауда сіздер өз білім-біліктіліктеріңді саралаумен қатар өз қызметтеріңе басқаша көзқараспен қарау мүмкіндігіне ие болдыңдар. Бір-бірлеріңізден үйреніп, тәжірибе алмастыңыздар. Кемшін тұстарын толықтыру қажет екенін ұғындыңдар. Осының өзі байқауға қатысып отырған вагон қараушылар үшін бір мектеп», – деп қорытындылады сайысты Ақылбай Сыздықұлы.