Майталман маман

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Арыс вагон пайдалану депосында вагондардың «аурусырқауын немесе дені сауын» тамыршыдай дәл табатын ерекше қасиетке ие Исламхан Алтаевты әріптестері үздік өнертапқыш ретінде де бағалайды.

Еңбек жолын 1982 жылы Арыс ВЧД-1 вагон депосында дәнекерлеуші болып бастаған ол кейін Алматы теміржол техникумына оқуға түсіп, үздік бағамен бітірген екен. «Өйткені, оның бірнеше жыл өндірісте еңбек еткен тәжірибесі бар еді. Оқу орнынан «Техникалық қызмет көрсету, жөндеу және вагондарды пайдаланудың электрмеханигі» біліктілігін алып шығып, тәжірибеге теориялық білімін қосып өз кәсібін дамыта келе, 1995 жылы цех бригадирі, 1997 жылы еңбек және техникалық қауіпсіздік инженері, 1998 жылы инженер-технолог, 2003 жылы инженер метролог болып тағайындалып, талай жыл жемісті еңбек етеді. 2017 жылдан бастап вагондарды қарап тексеруші-жөндеуші болып еңбек жолын жалғастыруда.

Исламхан Нұртайұлы әу бастан теміржол саласында еңбек жағдайын жақсарту тақырыбына аса қызығушылық танытады екен. Айталық, 2003 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ мәлімдемесімен Семей станциясы ВЧД-23, Арыс станциясы ВЧД-30, Қостанай станциясы ВЧД-19 филиалдарында бірлескен арнайы тексеретін зертхана құрылады. Осы зертхананың тәуелсіз сарапшысы ретінде Исламхан Алтаев кәсібилігі мен біліктілігін көрсете біліп, «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталады. 2011 жылы еселі еңбегімен қоса техникалық шығармашылықты белсенді дамыта білгені үшін «Үздік рационализатор» төсбелгісімен марапатталды. 2017 жылы сол кездегі Астана қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратында өткен бүкіләлемдік метрология күніне арналған халықаралық семинар барысында метрология саласына мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесін дамытқаны үшін Исламхан Нұртайұлына Құрмет грамотасы табыс етілді. 2017 жылы екінші рет «Үздік рационализатор» төсбелгісін алды.

Бұдан бөлек, бірнеше рет «Рационализатор.кз» республикалық рационализаторлар ұсынысы байқауына қатысты. Қазіргі таңда рационализаторлық қызметті дамытушы, техникалық сауатты маман өзіне де, қарамағындағыларға да жоғары талап қоя біледі.

«2019 жылы рационализаторлық жоспарды орындау бойынша Шымкент бөлімшесі бойынша Исламхан Алтаев, сөз жоқ, көшбасшы рационализатор болып танылмақ. ВЧД-30 мекемесінің жоспары бойынша 5 рационализаторлық есептің орнына 6 рационализаторлық есептің авторы болды», – дейді ғылыми-техникалық ақпарат орталығының меңгерушісі Ләззат Жарымбетова.