Қос теміржолшының қазасы

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Өткен аптада қар тазалап жүрген жамбылдық екі теміржолшының абайсызда пойыз қағып мерт болуы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Шу аумағындағы Аңырақай-Бел станциялары аралығында орын алған оқыс оқиғаның себепсалдарын бүгінде тиісті орындар тексеріп-тергеуде.

13 қаңтар күні кешкі сағат 17.00 шамасында аталған аралықтағы 3853 шақырымда Қызылорда-Семей бағытындағы №23 жолаушылар пойызы тақ жолда екі теміржолшыны қағып кеткен. ПК-3 аумағындағы №1 дабыл нүктесіндегі қаралы оқиғаға орай Жамбыл жол бөлімшесінің магистральдық желісіне хабарласқан болатынбыз. Еңбек қауіпсіздігін қорғау және экология қызметінің басшысы Баян Қоңқабаеваның айтуына қарағанда, дәл сол сәтте жұп жолдан тағы бір пойыз өтіп жатқан. «Мерт болған екі азамат та Шу белгі беру және байланыс дистанциясының қызметкерлері. Электромеханик Ақан Әлтаев 44 жаста, он тоғыз жылдан бері осы салада қызмет етіп жүрген тәжірибелі маманның артында жары мен төрт баласы қалды. Екіншісі электромонтер Талғат Несібаев 33 жаста, оның да еңбек өтілі он екі жылды құрайды. Артында отбасы, екі баласы қалды, тек жамбылдықтар үшін емес, барлық теміржолшылар үшін ауыр жағдай болды» дейді ол.

Өңірлік көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанованың сөзінше, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Апаттың барлық мән-жайлары анықталған соң толық ақпарат беретіндерін мәлімдеді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК Қазынашылық департаментінің директоры – қаржылық бақылаушысы Шолпан Омарбекованың пойыз қағып мерт болған теміржолшылар отбасына көмек көрсетілетіні жайлы мәлімдемесі жарияланды. «Компанияда және жалпы салада қабылданған ережелер мен құжаттарда белгіленген тәртіппен шешім қабылданады. Ұлттық компания мерт болған теміржолшылар отбасын қолдау үшін барлық шараларды қабылдайды», – деген хабарламада.