Теміржолда қауіпсіздік сабағы жалғасады

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлері өткен жылы ішкі істер органдарының, әскерилендірілген теміржол күзетінің және магистральдық желі өкілдерімен бірлесе отырып, темір жол бойында жүру ережелері туралы 3672 түсіндіру әңгімелерін өткізіп, жаяу жүргіншілер қауіпсіздік ережелерін жиі бұзатын орындарда рейдтер жүргізді.

Теміржолшылар тәртіп бұзушыларға теміржолдағы бейқам іс-әрекет олардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін еске салудан жалықпайды. Былтыр оқу орындарында және кәсіпорындарында екі мыңға жуық әңгімелесу, қауіпсіздік сабақтары, жиналыстар өткізілді. 58 мыңнан астам азамат қауіпсіздік жөнінде дәріс тыңдады.Теміржолшылар әсіресе, болат жол маңында орналасқан мектептер мен колледждерге басымдық берді. Дәріс тыңдаушыларға арнайы бейнероликтер көрсетілді.

Жол бөлімшелерінде көлік прокуратурасының және полицияның, ҚР ИИДМ аумақтық көліктік бақылау органдарының, БАҚ және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдерін шақырумен үйлестіру кеңесінің 123 отырысы өткізілді. Мұндай кездесулерде темір жолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды.

Теміржолшылар атап өткендей, жолда жүру ережесін өрескел бұза отырып, азаматтар пойыздар қозғалысының жылдамдығы сағатына 100 км-ге жететінін ескермейді. Локомотив бригадасы шұғыл тежеуішті қолданғанның өзінде адамды немесе малды басып кетуді болдырмау қиын, өйткені тежегіш жолының ұзақтығы 800 метрден астам қашықтықты құрайды.

Темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін көбінесе ішімдік ішкендер мен балалар бұзады. Олар пойыз машинисі берген дабылға назар аудармай, жақындап келіп қалған құрамды байқамай қалады. Сонымен қатар көпшілігі темір жолдарды белгіленген жерден, яғни жаяу жүргіншілер көпірін, өткелдерді пайдаланбай тіке кесіп өтіп жатады. Әсіресе, жастар құлаққап киіп алып, пойыздың дыбысын да, машинист дабылын да естімей, бейқамдық танытып, ажал құшып жататыны өкінішті. Міне, қауіпті аймақта жарақаттану себептерін еске сала отырып, теміржолшылар азаматтарға өмірің мен денсаулығыңды сақтаудың ең дұрыс жолы – теміржолда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтап, қырағылық пен сақтықты жоғалтпау екенін айтады. Профилактикалық шаралар биыл да жалғасын таппақ.