Медициналық пойыз дәрігерлері марапатталды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Нұр-Сұлтан қаласында «Медициналық пойыз – 2019» жобасының үздік қызметкерін марапаттау рәсімі өтіп, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлерге Құрмет грамоталарымен қатар 200 мың теңгенің сертификатын және гүл шоқтарын табыстады.

«Медициналық пойыздар» жобасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «СамұрықҚазына» Қорының қолдауымен және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның көмегімен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Шалғайдағы елдімекен тұрғындарын тегін медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан жоба өз миссиясына жеткені анық. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов дәрігерлерді жоба маусымының аяқталуымен құттықтап, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету Қор үшін маңызды мәселе болып қала беретінін атап өтті. «Соңғы 5 жылда әлеуметтік маңызды жобаларға Қор 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді, 1 миллионнан астам адам қамтылды. Осы жобаларды іске асыра отырып, біз азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, адамдардың медицина мен білімге қол жеткізуі үшін ұмтыламыз. «Медициналық пойыздар» жоба сы еліміздің шалғай өңірлерінің тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді», – деді Ахметжан Есімов.

Осы маусымда «Денсаулық» пойызымен Алматы мен Түркістан облыстарына қарасты елдімекендерді аралап шыққан медицина ғылымдарының докторы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оториноларингология кафедрасының профессоры, лор-дәрігер Амангелді Күлімбетов жергілікті халықтың медпойыздарды асыға күтетінін және дәрігерлерге қаралуға олардың таңнан кезекке тұрғандарын байқағанын атап өтті.

«Халық арасында жүректамырлары аурулары, қан қысымы, қант диабеті, онкологиялық аурулардың кең таралғанын байқадық. Жалпы медициналық пойыздар қызметкерлерінің көп адамға шипасы тигенін байқадық. Бұл маңызды жоба жалғасын тапса деген тілек бар. Бүгін еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқандарыңызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен алдағы уақытта да бізді асыға күткен халыққа ем-дом жасап, диагностикадан өткізіп, дәрігерлік кеңес беріп, өз борышымызды атқарсақ деген тілегіміз бар?!» – деп сыр бөлісті лор-дәрігер Амангелді Күлімбетов.

Сегіз айда халыққа қызмет еткен медициналық пойыздардың 15 үздік дәрігерін марапаттау рәсіміне «дөңгелек үстіндегі емханаға» қаралып, ем-дом алған Түркістан облысы, Леңгір бекетінен Ақбота Қарабалаева арнайы келіпті.

«Медициналық пойыздар халық көп шоғырланған Түркістан облысы жұртына үлкен көмегін тигізді. Біреулер тексерілу арқасында денсаулығында кінәрат барын біліп, дереу емделуге кіріссе, енді бірі дәрігерлік кеңес алып, ем-домдарын жалғастыруда. Балаларымызды да кәсіби мамандарға қараттық. Бұл жобаның халыққа тигізген шарапаты мол болып тұр. Сондықтан ел мен жерді аралап жүріп халыққа қызмет еткен ақ халатты абзал жандарға зор алғысымды білдіріп, еңбектеріңіз жана берсін демекпін», – деп алғыс жаудырды емделушілер атынан түркістандық әйел.

Салтанатты жиын соңында өнер жұлдыздары дәрігерлер құрметіне ән мен жырдан шашу шашты.