Лаңкестіктен сақтандырды

Темір жол стратегиялық маңызды нысан болғандықтан онда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қашан да басты назарда. Оның ішінде темір жол нысандарын теріс пиғылды адамдардың террорлық әрекеттерінен сақтау – аса маңызды шара.

Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде өткен семинар-кездесуде осы мәселе жан-жақты талқыланып, террорлық әрекеттер қатаң сынға алынып, оның алдын алу, сақтану жолдары сөз болды. Ең алдымен вокзалдар, көпірлер мен жасанды құрылыстар, тағы басқа теміржол обьектілері сынды стратегиялық нысандар қауіпсіздігі қалай болу керек, сала қызметкерлері нені ескеруге тиіс деген сауалдар күн тәртібіне шығарылды.

Басқосуға Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директоры Н. Ғұбашов, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Арнайы қызмет басқармасы бастығы В. Подчасов, басқарма төрағасының көмекшісі Ғ. Түсіпбеков қатысып, сөз сөйледі, өз ойларымен бөлісті. Жиынға қатысқан жергілікті теміржол мекемелерінің өкілдеріне терроризмге қарсы ісқимылдардың қажетті ақпары берілді.

«Баяндамашылар персонал және темір жол көлігі нысандарын терроризмге қарсы қорғау мәселесі, егер де террорлық жағдай бола қалған кезде темір жол қызметкерінің бірінші болып не істеуі керектігіне тоқталып, терроризмге қарсы «ҚТЖ» орталық аппаратының әдістемелік ұсыныстарын таныстырды. Сондай-ақ күн тәртібінде актуалды мәселелерді талқылаудан басқа, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді. Саладағы әрбір жұмысшыдан басшылыққа дейін темір жолдағы терроризмге қарсы аса жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік шараларына мұқият көңіл аудару туралы сөз етті», – дейді Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде кадр бөлімінің басшысы Екпін Қожахметов.