Әлемді өзгерткің келсе - өзіңнен баста

Маңғыстаулық жас теміржолшыларға Жастар жылы жемісті болды. Олар өз жетістіктерімен түбек теміржолшыларының атын жақсы жағынан шығарды.

Өткен жылдың соңғы айында өткен дәстүрлі республикалық Жастар форумынан да түбек жастары олжалы оралды. ҚТЖ КВН лигасында өзгелерден өнерімен озып, бірінші орынды иемденді. Маңғыстауға КВН кубогын алып келді. Сондай-ақ бес адам «Жүз есім» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, компания жастарының жас үздік жүздігінің қатарына енді. Олар: Шетпе станциясында пойыз құрастырушы Руслан Сақтағанов, Құрық порты станциясында пойыз құрастырушы Ыляс Тұрмағанбетов, Маңғыстау РЦО жетекші маманы Мөлдір Қуаныш, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде пойыз диспетчері Серік Ізімбергенов, Маңғыстау вагон пайдалану депосында вагон қараушы Қуатбек Көпбаев.

Маңғыстау теміржолшы жастарының ұйытқы болуымен Жаңа жыл мейрамы мен оқушылар каникулы да қызықты шараларға толы болды. Олар жылда қамкөңіл жандарға қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырған. Биыл осымен қатарынан үшінші жыл бұл бастаманы жалғастыруда. Отбасынан, ортасынан алыс, жақындарының жылуынан жырақта өмір сүріп жатқан жандарға жан жылулығын сезіндіріп, мерекелік көңіл күйге бөледі. Бұрын бастаманы өздері ғана жүзеге асырып жүрсе, енді өңіріміздің түрлі саладағы өзге де өнерлі, жүрегі кең жастары олармен бірге. Жаңа жыл мерекесі күндері барлығы бірлесе Ақтау қаласындағы №3 мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне барып, тәрбиеленушілерге жаңажылдық кеш сыйлады. Аяз Ата, Ақшақар болып қаракөздермен би билеп, балалардың өнерлерін көріп, сыйлық үлестірді.

− Біздің ұстанымымыз: «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста». Осы мақсатта біз бір-бірімізге үлгі көрсетіп, жақсылық жасаудан жарысуымыз керек деп мақсат қойдық. Ниет болса, сәл нәрсеменақ біреудің көңілін табуға болады. Сол үшін біз «Маңғыстау.кз» ойыншылары, «Жүз жас есім» жобасының жеңімпаздары мен өзге де әріптестеріміз жабырқаулы жандардың жүрегіне шуақ шашып, өмірі дертпен алысумен өтіп жатқан балалардың қуанышы мен күлкісін көріп, түрлі себеппен қариялар үйінің тұрғындарына айналған ата-әжелеріміздің бір сәт жадыраған жүзін көріп, өзімізді бақытты сезінеміз, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, Маңғыстау вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Қуатбек Көпбаев.