Атырау жүк тасымалы бөлімшесі табысты болды

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі өткен жылды табысты аяқтады деуге болады. Тасымал тасқыны жыл бойына толассыз жүріп, барлық көрсеткіштер жоспарға сай орындалып отырды. Нәтижесінде жылдық жоспар белгіленген межеден жоғары болды. 

Өткен жылда директорлар кеңесі жоспары бойынша пайдаланым жүк айналымы 9735 млн.т-кмнетто болып, жоспар 102,1%-ті, жүк тиеу 10721,6 мың тонна болып, жоспар 105,2 %-ті құрады. Жұмыс вагоны айналымы 104, жүк вагонының өнімділігі 102,8, вагонның тәуліктік орташа жүрісі 101,5, вагонның статистикалық салмағы 100,9, жүк вагонының динамикалық салмағы 100,5, пойыздың орташа салмағы 100,2, локомотив өнімділігі 100,5, локомотив жүрісі 101,1, пойыздар қозғалысының учаскелік жылдамдығы 100,8, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы 100,3, бір жүк операциясына вагондардың тұруы 107,6 процентке орындалған. Жалпы ДК жоспары бойынша 15 пайдаланым көрсеткіші жоспардан артық орындалған. Межеге жетпей қалғаны – бір техникалық станцияда вагон тұруының орташа ұзақтығы (99,2%), ол 0,04 сағатқа артқан. Оның себебі, тасталған пойыздардың тұру сағаты артқан (Теңдік станциясына бағытталған транзитті өңделмеген, бос вагондар). Өткен жылдың 12 айында бөлімше учаскелерінде барлығы 3878 вагон (48 пойыз) 188443 вагон/сағатқа тасталған, оның ішінде орташа тұру 47,8 сағатты құрады. Оның себебі Теңдік станциясымен жалғасатын «РТИ-АНПЗ» ЖШСның кірме жолдары бос емес болғандығынан.

Сағыз станциясында да өңделмеген транзитті вагондардың тұрып қалуы көрсеткішке әсер етті. Сағыз бойынша станция жолдарында 3987 вагон (41 пойыз) 19758 вагон/сағатқа тұрып қалған, орташа тұруы 5 сағат. Оның ішінде пойыз диспетчерлерінің вагондарды реттеуін және локомотивтің жоқтығынан 3099 вагон (27 пойыз) 15666 вагон/сағатқа, 888 вагон (14 пойыз) 4092 вагон/сағатқа Мұқыр-Жантерек, Сағыз-236 рзд аралығында жол жөндеу жұмыстарының жасалауынан тұрып қалған. Оның үстіне станциялық маневрлік локомотивтің жоқтығынан жергілікті вагондарды тіркеу-ажырату жұмыстары транзит пойыздардың локомотивтерімен жүзеге асырылады. Ал техникалық жоспарға сай негізгі 14 көрсеткіш 100 пайыздан аса орындалған. Яғни, пайдаланым жүк айналымы жоспардағы 9468 орнына 9735 млн.ткмнетто болып, 100,7 %-ды құрады. Жүк тиеу көлемі 10721,6 мың тонна болып, орындалуы 102,8 процент болды. Пайдаланым жүк айналымымен қоса, жұмыс вагонының айналымы 100, жергілікті вагон айналымы 100, вагонның статистикалық салмағы 101,4%, тиелген вагонның динамикалық салмағы 100,4, вагонның статистикалық салмағы 101,3%, локомотив өнімділігі 101,4, локомотив жүрісі 101, пойыздар қозғалысының учаскелік жылдамдығы 100,4, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы 100,3, вагонның бір жүк операциясына тұруы 102,4, вагондардың бір техникалық станцияда тұруы 100, бос вагонның тиелген вагондарға шаққандағы проценті 101,5, жүк пойызының орташа салмағы 3945 тоннбрутто, яғни 100,4%, болып, аймақта жүк тасымалы көлемінің жоғарылағанын көрсетті. Аталған көрсеткіштерден өңірде тасымал тасқыны ойдағыдай болғанын байқауға болады. Техникалық жоспарға вагонның орташа тәуліктік жүрісі (98,8%) мен жүк вагонының өнімділігі (99,7%) сәл төмен болды. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Темірхан Аманқұловтың айтуынша, жүк вагонының өнімділігі 30 т-кмнеттоға азайған. Себебі тиелген вагондар жүрісінің азаюы, вагондар жұмыс паркінің 1 процентке артуы, бос вагондардың көбеюі әсер еткен. Ал вагондардың орташа тәуліктік жүрісі тасымал қашықтығының қысқаруынан 3,6 км кеміген. Вагон жүгін баяу түсіру, кірме жолдардың алыстығы, локомотивтерді күтіп қалу, жүк түсіретін алқаптың бос болмауы, кедендік рәсімдерді күту, құжат айналымы, келісім-шарт жасақтау сынды себептер де белгілі бір дәрежеде тасымалға әсер етеді. Дей тұрғанмен, бөлімше бойынша өткен жылы мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Атырау-Астрахань, Атырау-Ақтөбе бағыттары бойынша жол-құрылыс жұмыстарына инертті және құрылыс жүктерінің аса көп көлемде келуі жергілікті вагондар саны мен түсірілетін жүк көлемін арттырды. Жамансорда 4430 вагон, Сағызда – 3564, Карабатанда – 1373, Махамбетте – 5464, Ганюшкинода – 4570, Ақжайықта – 2915, Атырау станциясында 767 вагон жүк түсірілді. Жүктердің көптеп келуі өңірдегі тасымал тасқынының артуына себепші болғаны рас.