Таңдау құқығын ұсынады

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да теміржол жүк тасымалы саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және жүк тасымалы процесіне қатысушыларға тең жағдай жасау жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының, ірі жүк жөнелтушілер мен жеке тасымалдаушылардың өкілдері кірген.

Бұл жұмыс тобы ұлттық тасымалдаушының мәртебесін, жеке жүк тасымалдаушылардың құзыретін, магистральдық теміржол желісіне және жеке жүк тасымалдаушылардың ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу тетігін және басқа да мәселелерді анықтау жөніндегі нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша құжаттардың жобаларын әзірледі. Сондай-ақ, тасымалдаушылардың қозғалыс қауіпсіздігі, қозғалыс кестесін бұзу, жеткізу мерзімдері мен стандартты емес жағдайларда әрекет ету мәселелері бойынша жауапкершілігі пысықталатын болады.Сонымен қатар кірме жолдарға вагондарды беруді және жинауды іске асыратын, жеке локомотивтердің инфрақұрылымға қол жеткізуі бойынша тәртібі әзірленбек.

Мемлекеттік органдармен нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша шешім қабылдауы үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жұмыс тобы құрылады, ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ жұмыс тобы әзірлеген жобаларды қарастыратын болады.

Айта кетсек, өткен жылдың соңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ делегациясы Литва темір жолын реформалау үдерістерін және жеке тасымалдаушылардың инфрақұрылымға қол жеткізуін зерттеу мақсатында Вильнюс қаласына барып қайтты. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы – бас директор Қайрат Сәуірбаев Литва теміржолының теміржол тасымалы нарығының еуропалық үлгісі бойынша дамып жатқанын атап өтті. Литвада теміржол көлігін реформалау ЕО-ның директив принциптеріне сәйкес жүзеге асырылуда екен. Ұлттық жүк тасымалдаушы транзиттік тасымалдарды жүргізеді. Бұл құқық заңмен бекітілген. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап инфрақұрылым операторы жұмыс істей бастаған ол барлық тасымалдаушылардың инфрақұрылымға қолжетімділігінің тең шарттарының сақталуын қадағалайды. Инфрақұрылым операторы сенімді қауіпсіздік жүйесін дербес құруға қабілетсіз компаниялардан тасымалдау нарығын шектеу үшін қауіпсіздік сертификатын алуға арналған негізгі талаптарды айқындап отыр. Барлық үш компания бір холдинг құрамында, онда тасымалдау үдерісіне қатысушыларға ақылы түрде қызмет көрсететін барлық ІТ-жүйелер шоғырландырылған. Осы жерде инфрақұрылым операторының негізгі функцияларына келетін болсақ, олар: магистральдық теміржол күтімін жасау, пойыздар қозғалысы мен өткізілімі бойынша қызметтер көрсету, соның ішінде станцияларда маневрлік жұмыстар мен пойыздар қозғалысын диспетчерлік реттеу, сондай-ақ жеке тасымалдаушылармен маневрлік жұмыстарды жүзеге асыру үшін станциялық инфрақұрылымды ұсыну бойынша қызметтер екен.

Тасымалдаушылардың инфрақұрылымға қолжетімділігі пойыздардың келіп кету уақыттарының нақты сақталуын талап ететін, бекітілген кестеге сай жүзеге асырылады. Ал тасымалдау қызметін іске асыруға лицензия алу үшін ЕО кеңістігінде талап бәріне біреу. Сонымен қатар Литвада кесте тармақтарын сатып алған кезде жеке тасымалдаушы пойыздықкм өлшенетін инфрақұрылымды пайдаланудың айлық көлемінің 30 пайызы мөлшерінде қайтарылмайтын алдын ала төлем жүргізеді. Сондай-ақ, жеке тасымалдаушылар вагондар мен локомотивтердің станциядағы және жол бойындағы күтіміне, жөндеуге және техникалық дайындығына жауапты. Олар диспетчерлердің басшылығымен станция мен магистральдағы жылжымалы құрамды реттеп, кірме және станциялық жолдарда маневрлік жұмыстарды жүзеге асырады, қала берді пойыздарды жасақтап, жөнелтуге дайындайды. Және де құжаттарды дайындауды, вагондардың техникалық жай-күйін бақылауды, жүк тиелімін және тексерілуін дербес жүргізеді.

Сарапшы атап өткендей, қазақстандық заңнама нарықта жеке жүк тасымалдаушылардың пайда болуын шектемейді, сондай-ақ магистральдық темір жол желісіне қол жеткізу бойынша да ешқандай шектеулер жоқ. Алайда, жүк тасымалдау саласы бірыңғай кешенді тәсілді талап етеді. Басты міндет – нарық жағдайында жүк жөнелтушілерге бәсекелес таңдауын ұсыну.