Ақтауда ақаулы вагондар көбейген

Өткен жылы 23 желтоқсанда басталған «Бүйірлік рамаларға бақылау» айлығы аясында Маңғыстауда вагондардың бүйірлік рамаларына қадағалау бұрыңғыдан да күшейтілген. Соның нәтижесінде вагон қараушылар түбекке келіп жеткен вагондардың бүйір рамаларынан түрлі ақаулықтарды анықтап жатыр.

Ақаудың дер кезінде табылғаны, әрине, жақсы. Дегенмен неге мұндай жайттар жиілеп кетті, осы мәселе ойлантады? Жуырда Маңғыстау вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушы-жөндеушісі Жанарбек Якупбаев күндізгі жұмыс ауысымында №4 жолда №3601 тақ пойызына техникалық қызмет көрсету барысында №68010404 (28) бүйір рамасының жарылғанын анықтады. Сондай-ақ ол №6 жолда тұрған №2108 жұп пойызында өз міндетін атқару кезінде №95402103 жүріс бағытынан оң жағынан екінші арбашық, үшінші жұп доңғалағының букс торабының 15 мм жылжығанын да көреді. Яғни ешқандай қызбаған, салқын күйінде осындай жағдай болған. Егер қызып кеткен күйде болғанында КТС-тен өту кезінде кемшілікті құрылғы көрсетуі әбден мүмкін еді. Бұл да 4 қаңтар күні кездескен жағдай. Сонымен қатар осы күні №4 жолда №3601 тақ пойызына техникалық қызмет көрсету кезінде вагон қараушы-жөндеуші Берік Дүйсенбаев №68171503 вагонның жүріс бағытынан сол жағынан, бүйір рамасындағы «Б» аймағынан тереңдігі 25 мм ақаулықты анықтады. ТҚКП-нің тағы бір вагон қараушысы Есет Камалов 6 қаңтар күні түнгі жұмыс ауысымында «Барда» паромынан түсірілген вагоннан да кемшілік тапты. Ол түсірілген вагондарға қызмет көрсетіп, қабылдау барысында №65315483 жүріс бағытынан, сол жағы бүйір рамасындағы «Б» аймағынан диаметрі 10 мм саңылау тапты.

− Барлық ақаулықтар комиссия шешімімен расталып, вагон қараушылар қозғалыс қауіпсіздігінің алдын алғаны үшін марапатқа ұсынылды. Төрт вагон да Грузиянікі. Бізге Құрық порты арқылы Батумидан келіп тұр. Жүк вагондарының баратын жері Ақтау портына бағытталған. Соңғы деполық жөндеуден өткеніне бір жыл толмаған. Яғни, деполық кепілдік мерзімі бітпеген. Негізінде мұндай мерзімде аталғандай ақаулар шықпауы тиіс. Демек Грузиядағы ВЧД Батуми, басқа да орындарда жасаған деполық жөндеуде сапасыз қызмет көрсетілген деген сөз, – дейді Маңғыстау вагондарға техникалық қызмет көрсету бөлімінің бастығы Ерболат Саулебаев.