Конвенциялық тыйым салынды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Жаңа жылдың 5 қаңтарынан бастап Достастыққа қатысушы мемлекеттердің теміржол көлігі жөніндегі кеңесі (ЦСЖТ) «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның өтініші бойынша ҚР меншік иелерінің паркінен басқа, өзге теміржол әкімшіліктерінің бос жалға алынған және меншікті вагондарын қабылдауға конвенциялық тыйым салуды жариялады. Бұл мәжбүрлі және уақытша шара болып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан темір жол желісінің станциялық жолдарында жүк тиеуге сұраныс болмай отырған 5200 вагонның қозғалысы тоқтатылған. Олар Шу – Мойынты – Қарағанды, Нұр-сұлтан – Көкшетау, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Мойынты – Саяқ – Ақтоғай сияқты учаскелердегі магистральдық және станциялық жолдарда тоқтап тұр. Айта кетерлігі, бұл учаскелер транзиттік және экспорттық-импорттық жүк ағынының өткізілуіне байланысты ең шиеленіскен телімдердің бірі болып отыр.

Қалыптасып отырған бұл жағдай «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісіндегі пайдалану жұмыстарын қиындатып отыр, сондай-ақ магистральдық жолдардың өткізу қабілеттілігін төмендетеді. Сонымен қатар ауа-райы жағдайына байланысты жолда тұрған пойыздарды қар басып қалу қаупі бар, бұл өз кезегінде пойыздардың қауіпсіз өткізіліміне теріс әсер етуі мүмкін.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ мамандары конвенциялық тыйым салуды енгізу нәтижелер беретінін айтып отыр. Басқа темір жол әкімшіліктерінің сұранысқа ие емес жылжымалы құрам паркінің саны 3 мыңға жуық вагонға азайыпты. Жағдай жақсарған кезде басқа темір жол әкімшіліктерінің бос меншікті және жалға алынған вагондарын қабылдауға конвенциялық тыйым алынып тасталады екен.

Сонымен қатар жүк жөнелтушіден өтінім және бекітілген айлық тасымалдау жоспары болған кезде «бөтен» вагондарды қабылдауға белгіленген тәртіппен рұқсат етілмек.

Жалпы Достастыққа қатысушымемлекеттердің теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің Ережесі шеңберіндегі конвенциялық тыйым салулар тиісті теміржол әкімшіліктерінің шешімімен белгіленеді. Егер 2020 жылдың 10 қаңтарындағы жағдайды алып қарайтын болсақ, ЦСЖТ Дирекциясы тарапынан жарияланған бүгінде 116 түрлі типтегі конвенциялық тыйым салулар қолданыста жүр.