Машинистер ұжымының мерейі

Сексеуіл локомотив пайдалану депосының ұжымы өткен жылғы жұмыстарын қорытындылап, елеулі еңбегімен көзге түскен қызметкерлерін марапаттады.

Өткен жылдың жұмыс көрсеткіштерін депо ұжымы бекітілген жоспарға сай орындады. Атап айтқанда, тікелей өздеріне байланысты тепловоздардың орташа тәуліктік жүрісі, орташа тәуліктік пайдаланымы, жұмыс өнімділігі көрсеткіштері жоспарға сәйкес жүзеге асырылған. Қозғалыс қауіпсіздігі бойынша былтыр пойыздық жұмыстарда қиындықтар болмады. Тепловоздар жағдайына келер болса, депоға бекітілген ТЭ33А локомотивтері негізінен Сексеуіл-Илецк-Сексеуіл-Шиелі-Арыс арасында жолаушы құрамаларын тасымалдады. Осы тепловоздардың жұмысқа жарамдылық деңгейін қалыпты ұстап тұру үшін олар жөндеу депосымен бірігіп жұмыстар жүргізіп келеді.

Көктемгі және күзгі комиссиялық байқауда депоға бекітілген 39 пойыздық, 4 маневрлік тепловоз уақытында толықтай тексеруден өткізілді. Байқауға локомотив топтары, тиісті мамандар толық қатысқан.

– Тепловоздардың техникалық сапасын арттыруға, олардың сапалы жөнделіп шығуына барынша көңіл бөлінеді. Ұжым өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, машинист нұсқаушылары мен локомотив бригадаларының жұмысын  жоғары деңгейде ұйымдастырудың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Алдағы жылы да осы қалпымыздан таймай, барлық көрсеткіштерді жоғары деңгейде орындауға тырысамыз, – деді депо бастығы Жанкелдин Турединов.

Жыл бойына ерекше қызметімен танылып, саланы дамытуға ерекше үлесін қосқан қызметкерлер қатарында Нәжім Сағиев «Үздік тепловоз машинисі» аталымымен, «Үздік тепловоз машинист көмекшісі» атағымен Байжан Әйділдаев, «Үздік жөндеуші» номинациясымен Қадырәлі Ертанасов, «Үздік керуен» марапатымен 4 колоннаның нұсқаушысы Ерсұлтан Есеркепов марапатталды.

Сонымен қатар «Үздік маман» атағы Әбілқасым Бекмырзаға, «Үздік бөлім» номинациясы Таспа тексеру бөліміне берілді. Тағы бір айта кетерлігі, жаңа жыл қарсаңында депо бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов Арал ауданы әкімдігінің «Темір жол саласының үздігі» номинациясымен марапатталды.