Сандық жүйе: үнем, тиімділік және табыс көзі

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе ЖТ бөлімшесі көлік-логистикалық кешенді цифрландыру жұмыстарын ұйымдастырып, қызмет көрсетуде ашықтықты қамтамасыз етіп отыр. Соның нәтижесінде жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігі артып, шығынды азайтуға қол жеткізілген.

«Цифрлы темір жол» стратегиясы ақпараттық технологиясын дамыту аясында бөлімшеде өткен жылы қарқынды жұмыс жүргізілді. Мысалы, жаңа технологиялық мүмкіндіктермен жолды цифрлық диагностикалауды алайық. Бұл тексеру циклын 12 есеге арттырады. Мамандар бұл жүйенің тиімділігін растап отыр.

Өңірде жолаушылар тасымалы саласында да қызмет көрсету сапасы артқан. Енгізілген «электронды билет» технологиясы баршаға бірдей қолжетімді. Және тиімділігімен танылды. Тұтынушыларға белсенді жұмыс істеп тұрған 10 билет сату интернет-сайты қызмет көрсетеді. Ақтөбелік жолаушылар үшін бұл сайттардың барлығы қолжетімді. Олардағы «күту парағы» және «пойыз рейтингі» функциялары бойынша билеттерді ұсыну тетігі тұрақты пайдаланылуда. Мамандар 2020 жылға қарай электронды билеттердің сатылымдардағы үлесі 90-95% дейін өседі деп болжайды. Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім басшысы Жасұлан Рсқалиев жолаушылар және жүк тасымалындағы инновациялық жобалар, инфрақұрылымдық теміржол нысандарында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

«Цифрлы темір жол» стратегиясы арқылы компанияның жүк және жолаушылар тасымалы, инфрақұрылым және көлік логистикасы секілді маңызды қызмет көрсету сегменттеріне жаңа технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінде жылжымалы құрамды жөндеу жұмыстары да жаңа технологиялармен жүргізіледі. 2018-2021 жылдарға арналған жоспар да онлайн режимінде пойыздардың жағдайын бақылау үшін «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» енгізілу жобасы да қарқынды жүзеге асырылуда», – дейді Жасұлан Рсқалиев.

Оның айтуынша, 2012 -2015 жылдары енгізілген «Энергияны тартуды басқарудың автоматтандырылған жүйесі» энергия үнемдеуді қамтамасыз етіп отыр.

Онда отын шығынын бақылау, пойыздың энергиясын оңтайлы басқару секілді тиісті талдау жұмысы жүйеленеді. Жүйені енгізудің тиімділігі отын-энергетикалық ресурстардың өзіндік құнын төмендетуді, заманауи өлшеу құралдарын енгізу арқылы параметрлерді өлшеу дәлдігін арттыруды, техникалық қызмет көрсететін персонал үшін автоматты түрде жасалатын құжаттарды ұсынуды, локомотив паркін пайдалану тиімділігін арттыруды және т.б. қамтамасыз етіп отыр.

«Локомотивтердің барлық паркі 100% AСУ ЭДТ жүйесімен жабдықталған. Барлық машинистерге осы жүйеде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін тиісті флеш-мультимедиялық құралдар берілген. Қазіргі уақытта жүйені теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру ісін басқа автоматтандырылған басқару жүйесімен біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Цифрландыру аясында пойыз диспетчері қызметін автоматтандыруды жоғарылату және қозғалыс кестесін сақтау үшін 100% қағазсыз технологияға көшуді қамтамасыз ету міндеттеледі. Қазір тасымалдау процесін басқару тиімділігі артты. Цифрлы темір жол аясында жүк тасымалдау жұмыстарының да сапасы жоғарылап, көлемі ұлғайды. Ірі көлемде жүк тасымалымен айналысып отырған 41-станцияда келісімшарттық және коммерциялық жұмыстар жақсы жолға қойылған. Оның ішінде, ең алдымен, жүк жөнелтушілер мен кәсіпкерлердің мүдделерін ескере отырып, процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін келісімшарттық және коммерциялық жұмыстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды», – дейді Жасұлан Рсқалиев.