Штаттық кесте жаңадан бекітілді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Қаңтардың алғашқы жұлдызынан бастап Шығыс Қазақстан ЖТ бөлімшесі Семей ЖТ бөлімшесіне қосылды. Қазіргі күні аталмыш жаңашылдыққа байланысты бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Жылдың алғашқы жұмыс күнінен Семей ЖТ филиалы басшысы Марлен Көкрекбаев пен бөлімшенің бас инженері Самат Төлепов және НЖС-6 бөлімшесінің бас директоры Айдын Шәукежанов бастаған арнайы топ Шығыс Қазақстан ЖТ бөлімшесіне қарасты барлық станцияларды аралап, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның өткен жылдың 22 тамызындағы филиалдың құрылымдарын бекіту туралы №08/03 хаттамасына сәйкес, жабылып жатқан бөлімшенің барлық теміржол нысандарында болды. Семейлік өкілдер құрамында жүк тасымалы мен қозғалыс қауіпсіздігі және өндірістік-техникалық салаға жауапты бөлімдер басшылары да болды. Арнайы топ қар жамылған шыршалы әсем Алтай тауларының бөктеріндегі Защита, Лениногор, Серебрянка сынды бірқатар станцияларда аялдап, ондағы еңбеккерлермен жүздесіп, шаруашылық құрылымдарын қадағалап, процеске қанықты.

Сол тәрізді Тұрғысын, Рулиха, Черемшанка, Ермаковка, Коршуново, Селезневка, Усть-Таловка сынды шалғайдағы шағын станциялар да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, жергілікті ВЧД, ТЧЭ мекемелеріндегі өндіріс барысымен де танысты. Жиындар өткізіп, теміржолшылармен бірқатар мәселелерді ортақ талқыға салды. Өскемендік сала мамандары биыл құрылғанына 105 жыл толатын, Түрксібтің даңқты құрылысымен өрілген мазмұнды тарихы бар, транзит тасымалымен да әйгілі, еліміздің тарихи орталығы атанған Семей теміржолы жайлы да келелі пікір білдіріп өтті.

– Қазіргі уақыт шығыстық теміржолшылар үшін елеулі кезең. Бұл – тарихи оқиға. Біз үшін де қосымша жауапкершілік жүктейді, – деп атап өткен Марлен Кәрімұлы алдағы уақыттағы жұмыс барысы жетістікке толы болатынына сенім білдірді.

Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан жол бөлімшесі бойынша бірқатар теміржол құрылымдарында Семей магистральдық желі бөлімшесі қызмет көрсетеді. Сондықтан да, қос филиалдың қосылуы айтарлықтай ауырлық тудырмайды.

Дегенмен, жаңашылдыққа орай қазіргі күні Семей ЖТ бөлімшесінің кадр бөлімі қызметкерлері бөлімше бойынша штаттық кестенің қайта бекітілуіне байланысты іс-қағаздары мен құжаттамалар, аударымдар бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, бас кеңседе орын тепкен диспетчерлік бөлімнің жұмысына да айтарлықтай елеулі өзгерістер енгізілген.