Қозғалысқа кедергі жоқ

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе теміржол бөлімшесінде жолды қардан тазарту жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. Жиі боран болатын таулы аймақтағы темір жол бөліктері күндіз-түні бақылауға алынған.

Қыс келсе үскірік аяз бен қар әлек салатын өңірде қатал маусымда әбігер көп. Теміржол бойындағы қозғалыс қауіпсіздігі туралы Ақтөбе магистральдық жол бөлімшесінің жетекші инженері айтып берді. Өңірде 12 участок бар. Олардағы пойыз жолдарын тазалау арнайы кесте бойынша жүргізіледі.

«Қазір қысқы уақытта пойыз қозғалысы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар қатаң бақылауда. Қарды жауғанын жауғандай тазалап тастауға тырысамыз. Әзірге анау айтқан боран болған жоқ. Сол себепті жол тазарту жұмыстарында қиындық жоқ», – дейді жетекші инженер Қанат Кенжалин.

Әр учаскеде қар тазалайтын кемі екі техникадан бар екен. Атап айсақ, Тассай, Қотыртас, Бершүгір, Жем, Қандыағаш, Шұбар, Ақтөбе, Жайсаң, Қазақстан, СолИлецк, Орал, Никельтау, Әйтеке би станцияларына қар тазартқыш техника қойылған. Олар жолдың екі жағынан шығып тазартады. Мәселен, Аққұдық пен Әйтеке би станцияларының ортасында боран болса, техника Никельтаудан шыққанша қашық. Сол себепті техника Әйтеке биден барады. Әр аумақта өзінің бекітілген бригадасы бар.Тассай мен Шалқардың екі басында да техника бар. Сексеуіл мен Шалқардың ортасында да осындай жағдай. Машинистер қардың түсуін хабарлағанда жақын станциядан техника жіберіледі. Осындай ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде жолда кедергі жоқ, пойыздар жүрісі қалыпты екен.

«Жаз мезгілінде уақытылы жөндеу цехтарына кіргізілгендіктен техникаларымыз ұятқа қалдырмай, жақсы жұмыс істеп тұр. Оқыстан болатын оқиғалардың алдын алу үшін жолды тазалауға кететін уақыт нормативін ескере отырып, барлық арнайы техникалар қозғалыстарының бағыттары учаскелерде бекітілген», – дейді жетекші инженер.

Өңірде жүк және жолаушылар пойызының қозғалыс кідірісі тіркелген жоқ. Барлық жолдар ашық.