Үздіктер қатарында

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Тәуелсіздік мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің үздік тауарларын «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттау шарасы өтті.

«Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық көрме-байқауына халықаралық талапқа сай өнім шығарып отырған Ақтөбе рельсарқалық зауыты да қатысып, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша жүлде алды. Жылына 430 мың тонна өнім беретін рельсарқалық зауытының Қазақстанда баламасы жоқ. Әлемде «МЕЧЕЛ» және «ЕВРАЗ» секілді ірі металл өндіретін алпауыт компаниялармен бәсекелес түрде рельс шығарып отырған кәсіпорынның өнімдері жоғары сапаға ие. Алпауыт мекемеде 700-ден астам адам жұмыс істейтін өндіріс ошағының жобалық қуаттылығы жылына 430 мың тонна. Оның ішінде 200 мың тонна рельс және 230 тонна металл илегі бар. Рельстер Түркіменстанға, Өзбекстанға, Ресейге, Белоруссияға, Әзербайжанға экспортталады.

Ақтөбе рельстері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде кең қолданылып жүр. ҚТЖ жобасы «Алматы – Шу» теміржолы, Құрық теңіз портының құрылысы мен Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалының құрылысы кезінде пайдаланылған. Халықаралық талапқа сай өндіріс ошағы Қазақстан экономикасының «жасыл» инвестициясы саналады. Онда алғашқы ағын сусыз өнеркәсіптік өндіріс технологиясы ұйымдастырылған. Бұл дегеніңіз, өндірісте қолданылатын су көлемі 70 пайызға дейін үнемделеді. Өндірісте пайдаланылған үрлеу суы қосымша тазартудан өткен соң зауытқа қайта жіберіледі. Тазартудан кейінгі тұзды су да вакуумдық-булау қондырғыларында құрғақ қалдық күйінде кәдеге жаратылады.