Сенім сертификатын иеленді

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің Қазалы вагон пайдалану депосы ұжымы 2019 жылдың «Қауіпсіздік және еңбек қорғау» бойынша 1-кластық сенім сертификатымен марапатталды.

Жүлдегер ұжымның басшысы Арғын Орымбаевқа «ҚТЖ-ЖТ» АҚ басшылығының жоғары деңгейдегі марапатын бөлімше бастығы Аманкелді Арысбаев табыстады. «Сенім сертификаты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ және сырбойындағы салалық мекемелердің арасынан соңғы жылдардағы үздік өндірістік жұмыс көрсеткіштеріне орай алғаш рет Қазалы вагон пайдалану депосы ұжымына беріліп отыр. Бұл – мекеме жұмысын талапқа сай сапалы ұйымдастыра білетін депо басшылығының озық тәжірибесі, біліктілігі мен кәсіби шеберлігі және депо теміржошыларының ерен еңбегінің жемісі», – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Түркістан-Сексеуіл-Қоскөл станциялары аралығындағы бірнеше жүз шақырымдық аймақта жылжымалы құрамдарға техникалық қызмет көрсететін Қазалы вагон пайдалану депосының ұжымы – салалық жарыстарды алдыңғы қатарда орын алып жүрген жүлдегер ұжым. Сонымен қатар ұжымның соңғы бірнеше жылды өндірістік жарақат алу оқиғасына жол бермей, жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыруда да озық тәжірибеге ие екені белгілі.

– Мәртебелі марапаттың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында компания бойынша санаулы ұжымдар ішінен бізге берілуі ерекше қуаныш сыйлады. Қазалы вагон пайдалану депосының ұжымы компания мен бөлімше басшылығының сенімін ақтап, биылғы жылды жақсы нәтижемен аяқтап, алдағы жылы тың серпінмен жұмысты жалғастырамыз деп сендіремін, – деді өз кезегінде Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев.