Мақсат – нарықта көшбасшы болу

Темір жол көлігімен тасымалданатын жүктің басым бөлігі «Қазтеміртранс» АҚ-ға тиесілі вагондарға тиеледі. Қоғам вагондарының жүк айналымы көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға өскен.

Жүк тиеу жоспары салыстырмалы түрде 1765 вагонға артқан. Бұл көрсеткішке аталған қоғамның Атырау филиалында тамыз айынан бастап сервистік қызмет көрсету шартын іске қосу арқасында қол жеткізілген. «Қазтеміртранс» АҚ Атырау филиалының директоры Саламат Төлегеновтің айтуынша, былтыр жүк тиеу үшін келіп түскен тапсырыс берушілердің бекітілген жоспары 1059 вагон болса, 2019 жылдың 11 айында 2824 вагонмен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1765 вагонға артық орындалған.

– Мақсатымыз – нарықта №1 көсбасшы атану. Ол үшін, кәсіпорын әрқашан жылжымалы құрамның техникалық жағдайын сақтай отырып, вагон операторы және көлік-экспедиторлық қызметтерін ұсынып отыр, – дейді филиал басшысы.

Компания ұжымы бизнес процестерді оңтайландыру және автоматтандыру арқылы IT деңгейдегі жүйелерді 80%-ға өсіріп, жүк тиеу барысында «Қазтеміртранс» АҚның жүктеме үлесін кем дегенде 55%-ға өсіруді мақсат етуде. Сонымен қатар жүк нарығының қажеттіліктерін сапалы қамтамасыз ете отырып, ҚР көлік секторының тұрақты дамуына өз үлестерін қоспақ. Осы мақсаттарға жету үшін Атырау филиалында парк сақталымы бойынша инспекторлар, бөлім бастықтары, орынбасарлары, сектор бастықтары, экономистер, есепшілерді қосқанда 57 адам еңбек етеді. Филиал Атыраумен қоса Маңғыстау бойынша да вагондар есебін жүргізіп сақталымына жауап береді. Олардың міндеті – клиент табу, вагондар тиелімін көбейту, сұранысқа сай вагондарды уақытында беріп отыру.