Түн тыныш болсын

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент ЖТ бөлімшесінің кезекшісі Күмісбек Сұлтанов осымен жаңа жылын үшінші рет қатарынан жұмыс орнында қарсы алады. Биыл да жұмыс кестесі дәл 31 желтоқсанға түсіп тұр. Бөлімшенің диспетчерлер орталығында жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін бақылап, түн тыншытығын күзетеді.

Алайда, сұхбаттасымыздың жүзі мен сөзінен ешқандай да қынжылыс пен өкінішті байқамадық. Қайта, керісінше, жұмысына берілген, сергек көңілді, саланың білгір маманы көз алдымызда тұрды. Бөлімше кезекшісінің айтуынша, жаңа жыл – отбасылық мереке екені рас, әйтсе де пойыздар тоқтап қалатындай ешқандай мереке жоқ. Сондықтан, теміржолшы үшін бірінші кезекте жүк және жолаушы құрамдарының кестеге сай күндіз-түні жүрісін тоқтатпай, олардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету болмақ. Бірінші кезекте сол өзіңе жүктелген міндетіңді атқару міндет, басқасы содан кейін де бола беретін дүние. Яғни, игіліктің ерте-кеші жоқ, той да тойланады, ән де шырқалады дегендей... Әзіл-қалжыңы аралас осылай деп күлген кейіпкеріміз еңбек жолын 1978 жылы жол монтері болып бастаған екен. Отан алдындағы борышын екі жыл өтеп, 1980 жылы туған жеріне оралған соң, қайтадан теміржол саласына оралып, Қазығұрт станциясында пойыз құрастырушы болып істейді. Кейіннен станция кезекшісі болады. 1989 жылы Шымкент жүк тасымалы бөлімшесіне пойыз диспетчері болып ауысады. Қазіргі таңда бөлімше кезекшісі болып өз міндетін қалтқысыз атқарып келе жатқан ол осы жұмысқа тағайындаларда басшылық он жыл пойыз диспетчері сатысынан сүрінбей өткенін алдымен ескерген.

«Диспетчерлердің бірінші кезектегі міндеті – пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осындағы барлық диспетчерлерге басшылық жасаймын, пойыз диспетчері, механиктер, ШЧ диспетчері, қозғалыс қауіпсіздігінің қызметкерлері. Жаңа жылды жұмыста қарсы алып үйреніп кеттік қой. Өткен 2018 жылы да, биыл да жаңа жылды жұмыста қарсы алғалы отырмын. 40 жылдан бері осы саланың ыстық-суығына төзіп келе жатқандықтан, ешқандай қиындық-кедергі көріп тұрған жоқпын. Қайта жұмыста қарсы алғаным жөн сияқты, бәрін өз көзіммен көріп, жаңа жыл түні қозғалыстың сенімділігіне, артық-ауыс төтенше жағдайдың болмағанына көз жеткізіп барып, ертесі алаңсыз рахаттанып демалғаннан артық ләззат жоқ мен үшін. Отбасым жұмыс бабы екенін түсінеді, жұбайым, бала-шағам ренжіген емес. Түн тыныш болсын, ауысымды аман-есен тапсырып, таңертең үйге барып, бала-шағамды, немерелерімді асықпай құттықтаймын», – дейді бас диспетчер Күмісбек Арыстанұлы.

Бір шеті Өзбекстан темір жолымен, бір шеті Жамбыл, тағы бір шеті Қызылордамен шектесетін облыс теміржолындағы қозғалысты АрысТүркістан, Арыс-Түлкібас, Арыс-Сарыағаш бағыттарын басқарып отырған диспетчерлік орталықтың теміржолшылары үшін жаңа жыл түні тыныш өтсін деген тілекпен қоштастық.