Апаттың алдын алғандар

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Сыр өңірінде белгілі Қазалы вагон пайдалану депосының бірнеше теміржолшысы биыл апаттың алдын алып, өздерінің кәсіби мамандыққа адалдығын дәлелдей білді.

 Атап айтсақ, Сексеуіл станциясындағы техникалық қызмет көрсету қосынының вагон қараушы- жөндеушілері Жәнібек Әубәкіров пен Түстібай Албиев, Қызылорда станциясындағы техникалық қызмет көрсету қосынының вагон қараушы жөндеушілері Дархан Тәжімов пен Манас Ұстабаев, Қазалы станциясындағы техникалық қызмет көрсету қосынының вагон-қараушы жөндеушілері Әділет Қуандықов пен Үсен Теміров мерейі үстем болды. Вагондардан табылған ақау ТУ ЦУДБ Шакеновтың 4 қарашада жарияланған бір айлық «бүйір рамасын бақылау» айлығы барысында анықталған.

Бүйір рамасын бақылау айлығы кезінде бөлімше мамандары, Қазалы вагон пайдалану депосы басшылығы, ревизорлық аппарат және Қазалы вагон жөндеу депосының өкілдерімен бірлескен 12 тексеру өткізіп, жөндеу технологиясын сақтау, вагон арбашасының құйылмалы бөлшектерін бақылаудың кешенді жұмыстарын жүргізген. Айлық барысында депо қызметкерлерінің тәуліктік кезекшілігі бекітілген кесте бойынша өткізіліп, депо инструкторларының телім бойынша профилактикалық жұмыстары ұйымдастырылған.

– Айлық кезінде депоның барлық бекеттеріндегі ПТО, КПТО, ПТП және КП-бақылау пунктерінің ТОР базасында командалық-инструкторлық құрам өкілдерінің қосымша сабақтары өтіп, онда жүк вагондарының бүйір рамалары мен арбашаларында өте сирек кездесетін және оңай табыла бермейтін ақауларды табуға машықтандыру жаттығулары практикалық түрде көрсетілді. Нәтижесінде депоның учаскелердегі техникалық қызмет көрсету қосындарындағы ауысым вагон қараушылары жүк вагондарынан бүйір рамасы мен КВЗ-И2 арбашасынан 5 мәрте ақау тапты, – деді Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев.

Жүк вагондарының бүйір рамаларының ақауы жиілегендіктен аталған айлық енді келер жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасатын болады. Қазалы вагон жөндеу депосында 4 қараша мен 4 желтоқсан арасында жоспарлы жөндеудегі жүк вагондарының 38 бүйір рамасы мен 8 ресор үсті білегі ақаулы деп танылған.

– Қазалы вагон пайдалану депосының вагон қараушыжөндеушілері жүк вагондарының бүйір рамасының ақауымен қоса букстен де ақау тауып отыр. Соңғы мәлімет бойынша депоның Қызылорда техникалық қызмет көрсету қосынының вагон қараушы-жөндеушісі Манас Ұстабаев доңғалақ буксынан ақау тауып өзінің тәжірибелі әрі қырағы маман екенін танытты, – дейді Қызылорда техникалық қызмет көрсету қосынының жетекшісі Рүстем Ұзақбаев.