«Нұрлы жол» кешені – қонақжай шаңырақ

Жаңа жыл қарсаңында да жұмысқа шығып, қызметін әдеттегідей үздіксіз жалғастыра беретін вокзалдар жұмысы әдетте мереке күндері қауырт болып кетеді. Еліміздің бас темір жол қақпасы саналатын «Нұрлы жол» вокзалында жаңа жыл түні қалай өтпек?

«Нұрлы жол» вокзал кешенінің ұжымы биыл үшінші жаңа жылын қарсы алмақ. Кешеннің технологиялық процесті ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Анар Маубиеваның айтуынша, бұл күні олар әдеттегідей Жаңажылдық шараларға еш алаңдамай, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмыстарын атқарады.

– Бізде әдетте 30-31 желтоқсанда күндізгі уақытта жолаушылар ағыны көп болады да, тура жаңа жыл түніне қарай адам аяғы саябырсиды. Себебі бізде кешкі 23.00-ден кейін пойыздар аз. Ауысымда әдеттегідей 60 вокзал кезекшісі қызметін атқарып, әрқайсысы белгіленген орнынан тапжылмай жолаушыларды қарсы алып, шығарып салады. Тура жаңа жыл келгенде кездескен жолаушыны құттықтаймыз, ал бірақ басқа сауда орындарындағыдай Аяз ата мен Ақша қар болып киіну, түрлі шаралар өткізу деген жоқ. Анықтамаға жолаушылар келсе, құттықтаймыз. Диктор хабарландыру арқылы құттықтайды. Бізге ең бастысы – қауіпсіздік, Таңертең 8.30-да кезекшілер ауысады, сол кезде және кешке Жаңа жыл түніне сәйкес келетін кезекшілер 20.30-да келгенде оларға инструктаж әдеттегідей түсіндіріледі. Бірақ бұл күні түрлі жағдай болып қалуы мүмкін екені ескертіліп, кезекшілерге жолаушылардың пойыздан кешігіп қалмауын қадағалау тапсырылады. Сондықтан олар вокзалдың сыртынан бастап, бәрін күтіп алып, қайда, қай бағытқа барады, сұрастырып, пойызына дейін отырғызып жібергенше қызмет етеді, қысқасы, міндетіміз жолаушы сервисі болған соң қонақжай шаңыраққа тән қызмет көрсетуіміз қажет, – дейді ол.

Кешен ашылғалы бері бүгінге дейін вокзалға келіп-кеткен жолаушылар мен шығарып салушылар саны 13 млн 500 мыңға жетіп қалыпты. Жаңа жылға дейін олар тағы жүз шақты адамға көбейері хақ. Бүгінде тәулігіне орташа есеппен 14500 адам вокзалға кіріп-шығады екен.

Осы жыл несімен есте қалады десек, ұжымның 80 пайызы жастардан құралғандықтан «Нұрлы жол» вокзалы бір-бірін тапқан жұптардың ордасы ретінде ерекшеленеді. Биыл кешен маусым айында үш жылдығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақ радиосымен келісімшартқа отырып, ұлт радиосы халық әуендерімен келіп-кеткен жолаушылар мен қонақтардың құлақ құрышын қандырады. Одан бөлек мәдени-көпшілік шаралар да жиі өткізіледі. Айына 4 рет қызметкерлерге техникалық сабақтар ұйымдастырылады. Бір айта кетерлігі, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бойынша енгізілген «Күту парағы» жүйесімен байланысты жұмысты вокзалдың Анықтама бюросы жолаушыларға ұсынып, оны қалай қолдануды түсіндіріп береді.

– Жылдың тағы бір басты жемісі – вокзалдың 5 қызметкерінің «ҚТЖның 100 жас есімі» жобасына өткені болып отыр. Белсенді, әрі қабілетті жастардың ордасы болғандықтан мұндай сайыстар мен жобалардан олар ешқашан тыс қалмайды, – дейді А.Маубиева.

Бүгінгі басты міндет – жолаушылар ағынын көбейту, халыққа қалтқысыз адал әрі сапалы қызмет көрсету. Біліктілігі жоғары жастар заманауи вокзалға келетін барлық ұлттардың сұрақтарына үш тілде еркін жауап береді. Олардың әрқайсысы жолаушыға қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жол сілтеуге қабілетті.